Семейде алғаш рет лапароскопиялық әдіспен өңеш обырына ота жасалды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде алғаш рет еліміз бойынша  өңеш обырына инновациалық ота жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде алғаш рет лапароскопиялық әдіспен өңеш обырына ота жасалды

Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансер онокологтары Қазақстанда алғаш рет лапароскопиялық әдіспен өңеш обырына ота  жасады. Бұған дейін өңештегі қатерлік ісікті алу үшін бірнеше  сантиметрлік тілік жасалатын. Ол науқастың тез сауығуына кедергі келтіретін. Ал бұл жолы ота эндовидеохириргия арқылы жасалды. Яғни, науқастың  денесін кеспей, тек  үш тесік тесу арқылы жүзеге асырды. Ісікті монитор арқылы бақылап,  заманауи қондырғымен кесіп алып тастады.

«Қазақстан бойынша бірінші болып өңешке ота жасадық. Осылайша, өңештің орта тұсындағы ісікті алдық. Мұндай оталар өте күрделі. Бұған дейін бұрыннан келе жатқан кесу әдісі арқылы жасайтынбыз. Енді міне заманауи қондырғының көмегіне жүгініп, жасадық. Сәтті шықты. Отадан кейін науқастар тез сауығып, қалпына келеді»,-дейді өңірлік онкологиялық диспансердің хирургі Елдос Смаилов.

Айта кетейік, мұндай тәсілмен ота жыл басынан бері 2 науқасқа жасалған. Алдағы уақытта онколог дәрігерлер қалқанша безге жасауды жоспарлап отыр.