Семейде асыл тұқымды малдарды сырғалаудың әдістері ұсынылды
Асыл тұқымды мал басына санақ жүргізу үшін, төлдерге белгі салу маңызды. Сондықтан ескіден келе жатқан сырғалаудан бас тарту қажет. Бұл туралы қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының өкілдері ұйымдастырған оқу-тәжірибелік семинар барысында айтылды,
Басқосуға облыстың бірқатар аудандары мен Павлодар өңірінен келген қожалық өкілдері қатысты. Мамандар қазір асыл тұқымды малдарға белгі салудың 3 түрін ұсынып отыр. Олар ірі қараның оң жақ құлағына тату салу, чип орнату немесе сұйық азотпен таңба басу. Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының ШҚО бойынша өкілі Қанат Саниязовтың айтуынша жұмыстар ауқымды болғанымен сапалы, әрі тиімді.
«Әр шаруашылық басшысының өз құқығы бар, қайсысына таңдау жасайды. Бірақ біз осыған келуіміз қажет. Себебі, асыл тұқымды малды есепке алып, туғаннан бастап, өлгенге дейін оның гинеологиясын біліп отыру керекпіз», - дейді Қанат Саниязов.
Палата өкілдерінің сөзіне қарағанда, қазір қазақтың ақбас ірі қарасының санын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. 2011 жылы елімізде олардың саны небәрі 76 мың болса, қазір 200 мыңнан асады. Ал ШҚО бойынша 12 мыңнан астам асыл тұқымды мал тіркелген.
Айта кетерлігі, қазір еліміз бойынша 274 шаруа қожалық осы палата мүшелігіне тіркелген. Оның 74-і Шығыс Қазақстанда орналасқан.
Фото: kazakh-zerno.kz