Семейде айыппұлын төлемеген жүргізушілермен күрес жүріп жатыр
Жыл басталғалы жол қозғалыс ережесін бұзған 13 мыңнан артық жүргізушіге хаттама толтырылған. Жалпы салынған айыппұл мөлшері 69 млн. 809 мың теңге. Бірақ бүгінгі күнге дейін аталған соманың тек 42 млн. теңгесі өндіріліп алынған. Семей қалалық ІІБ әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы Нұржан Қазымовтың сөзінше, жүргізушілердің тек 30 пайызы ғана ерікті түрде қарыздарын төлейді.
«Шараның мақсаты - айыппұлдарды қайтару. 40 күн ішінде төлеу керек. Егер олай істемесе біз сот орындаушылармен бірге жұмыстарға көшеміз. Жұмыс орнына еңбекақысынан ұстап қалу туралы өтініш береміз. Ал егер жұмыс істемесе іс сот орындаушыларға жөнелтіледі. База бойынша мәліметтер тексеріледі. Мұнда айыппұлдарды күштеп төлету қолданылады. Егер бар болса оның мүлкі, көлігіне тыйым салынады. Яғни, көлікті есептен шығарып сата алмайды және қайта рәсімдей алмайды»,-дейді Нұржан Қазымов.
Жол сақшылары рейд барысында айыппұлдарын бірнеше ай төлемеген жүргізушілердің тізімін құрып, көліктерін арнайы тұраққа қойды. Ал көлік тек қарызы төлегеннен кейін ғана қожайынына қайтарылады. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары қарызынан құтылуға асықпайтын жүргізушілердің тұрғылықты мекен-жайларын аралап, берешектерін өтеу керектігін ескертуде. Ал заң талаптарын орындамағандардың үстінен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жөнелтіледі.