Семейде былтыр ғана жөнделген субұрқаққа қатысты шу шықты
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде субұрқақтың суы сыртына жайылып жатқаны туралы бейнежазбалар тараған еді. Осыдан кейін қала әкімі Ермак Сәлімов нысанның кемшіліктерін тексеру үшін комиссия құрды. Құрамында қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғам өкілдері, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандары енген комиссия мүшелері субұрқақтан тағы бірнеше кемшіліктерді анықтады.
Бас мердігер мекеме нысанды салу кезінде инженерлік-техникалық талаптарды ескермеген. Субұрқақтың су қоймасы дұрыс салынбаған. Салдарынан су сыртқа ағып кетеді. Ал сыртынан қапталған гранит плиталары дұрыс жапсырылмаған. Қазір комиссия кемшіліктерді анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
«Бүгінгі күні нысанда жөндеуді қажет ететін жұмыстар бар. Мамыр айында тағы бірқатар кемшіліктер анықталып, қалыпқа келген болатын. Енді құрылыс және әрлеу жұмыстарынан тағы олқылықтар анықталып отыр. Бірнеше күннің ішінде тексеру комиссиясы субұрқақтың жай-күйін және барлық құжаттарды тексереді. Кемшіліктер толық анықталғаннан кейін мердігерге беріледі. Егер жауапты мекеме жақын арада қателіктерін түзетпесе, оларды сотқа беруге мәжбүр боламыз», - деді Семей қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бастығы Амантай Өтелбаев.
Айта кетейік, мамыр айында субұрқақтың плиталары құлап, баспалдақтар бүлінген. Ол кезде жауапты мердігер мекемеке өз есебінен қалпына келтірген еді.
Алайда араға ай салып субұрқақ тағы істен шықты.