Семейде екі кәсіпорын аумағында өрт болды
Семейде екі кәсіпорын аумағында өрт болды, деп хабарлайды Kazinform Абай облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТЖД 19 қараша күні сағат 03:55–те Qazaq Astyq Group ЖШС аумағында «Агро серіктес инвест» ЖШС аумағында өрт болғанын хабарлады. Тілсіз жаудың салдарынан минифургонның алдыңғы бампері, тоңазытқыш, жылжымалы контейнер, ағаш паллеттер мен пластмасса жәшіктер өртеніп кеткен.
ТЖД мәліметтері бойынша өрт 06:29-да оқшауланып, 10:19-да залалсыздандырылды. Өртті сөндіруге жеке құрамның 68 қызметкері және Абай облысы ТЖД 13 техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ өртті сөндіруге ҚТЖ, Qazaq ASTYQ Group ЖШС МӨҚҚ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды.
Кәсіпорынның баспасөз қызметі өртті сөндіруге Qazaq astyq Group мұнай экстракция зауытының күштері де белсенді қатысқанын атап өтті.
— Кәсіпорынның жеке өрт сөндіру бөлімінің 4 өрт сөндірушісі, кәсіпорынның 32 қызметкері, 1 автоцистерна, 2 тиегішт, 2 камаз, 1 ассенизаторлық машина өртті сөндіруге жұмылдырылды. Сондай-ақ Qazaq astyq Group мұнай экстракция зауытының қатысуымен қысқа мерзімде тілсіз жауды ауыздықтай алдық, - деп атап өтті зауыттың баспасөз қызметі.
ТЖД өрттің себебі анықталып жатқанын жазды.