Семейде ер адам 7 бос банк карточкасын 1 млн теңгеге «сатып алған»
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Алаяққа сенген семейлік тұрғын 1 млн теңгесінен айырылып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Семей қалалық ІІБ шағымданған азаматтың сөзінше, ол өзі жақсы танымайтын әйелге қолма-қол 1 млн. теңге берген.
31 жастағы әйел азаматтан өзіндегі 7 банк карточкасын қолма-қол ақшаға ауыстырып беруін өтінген. Ал әр карточкада 200 мың теңгеден ақша бар екенін жеткізген. Бірақ, қажетті соманы барып алу үшін уақыт жоғалтатынын айтып, сеніміне кіреді. Тіпті ол карточкалардағы ақшаға күн сайын пайыздық үстемақы қосылып отыратынын айтады. Бұған сеніп қалған азамат ойламастан 1 млн теңгені қолына ұстатады.
Ол кейін банкоматқа барғанда ғана карточка ақшаның жоқтығын бір-ақ біледі.
«Жедел іздестіру шаралары кезінде алаяқ әйелдің жеке тұлғасы анықталып, ұсталды. 31 жастағы әйел бұған дейін сотты болған. Қазір оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы, 1-ші тармағы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр» делінген облыстық ІІД таратқан хабарламада.