Семейде қан тамырлары хирургиясының өзекті мәселелері талқыланды

«Ангиология және қан тамырлары хирургиясындағы замануи тәсілдер» тақырыбында өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстандағы тамырлы хирургияның негізін қалаушылар, Ресейдің профессорлары мен тәжірибелі дәрігерлері қатысты.
Айта кету керек, бүгінде жүрек-қан тамырлары аурулары, жүрек ишемиясы, ми қан тамырларының зақымдануы, қан айналымы жүйесі ауруы өзекті. Салдарынан елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық адам көз жұмады. Съезд барысында дәрігерлер қан тамырлы аурулары, мидың қан айналымындағы және перифериялық қан айналымының бұзылысы, артериалдық тамырда ұйыған қанды хирургиялық жолмен емдеу мәселелерін талқылады.
Қазақстанда тамыр хирургиясы қарқынды дамып келеді. Жыл сайын елімізде тамыр аурулары бойынша бес мыңға жуық ота жасалады. Дегенмен мамандар әлі де тамыр хирургиясын жетілдіру үшін заманауи қондырғылардың жеткіліксіз екенін де жасырмады.
Маңызды басқосу барысында Қазақстанның мамандар тәжірибе алмасып, тиімді шеберлік өзара шеберлік сағаттарын өткізді.
«Бұл конференция дәрігерлермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп отыр. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасына сәйкес, қазіргі күні тұрғындар денсаулығын жақсарту жолында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде қан тамырлары ауруларына шалдығатындар саны артуда. Білікті дәрігерлермен бас қосу ауруларды алдын алу, емдеу, болдырмау жолдарын бірге қарастыруға мүмкіндік береді. Әр съезде өзекті тақырыпты талқылаймыз. Және бірігіп шешуге тырысамыз», - деді «Қазақстандық қан тамырлы хирургтар қоғамы» президенті Тоқан Сұлтаналиев.