Семейде қар шығаруға қосымша қаражат қажет

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Коммуналдық сала қызметкерлерінің сөзінше, биылғы түскен қар мөлшері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда мол. Сондықтан қаланы қардан тазалау үшін қосымша қаражат қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Семейде қар шығаруға қосымша қаражат қажет

Семейдің коммуналдық қызметкерлері күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, қала көшелерін қардан тазалап жатыр. Қыс мезгілі басталғалы қаладан 35 мың текше метр қар шығарылды. Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаковтың сөзінше, шамамен 80 мың текше метр қар шығарылуы керек. Сондықтан қар шығару жұмыстарына қосымша қаражат қажет.

«Біз биылғы қыс мезгілінде қаладан шамамен 44 мың текше метр қар шығаруды жоспарлаған едік. Алайда қардың көп түсуіне байланысты қалада тағы шығару керек 40 мың текше метр қар бар. Бұл тек 25 көшедегі қар мөлшері. Қазір қосымша қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім әзірлеп жатырмыз»,-деді Николай Ушаков.

Бүгінгі таңда қар шығару қарқынды жүргізілуде. Егер бұл жұмыстар қазірден басталмаса, жеке сектордағы үйлерді су басу қаупі бар. Сондықтан қаладағы Лесная, 1-ші линия, 2-ші линия, Аягузская, Подгорная, Аэропортовская, Пристанская, Пархоменко, Аймауытов сияқты бірқатар қауіпті көшелердегі қар шығарылды. Енді Морозов көшесі ауданындағы жолдар және Дальняя көшесі қардан тазаланып жатыр. Жалпы қар шығару жұмыстарына 6 жүк тиегіш техника мен 8 самосвал жұмылдырылған.