Семейде қоғамдық көліктерге қойылатын талап күшейтілмек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семейде қоғамдық көліктерге талап күшейтіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Семейде қоғамдық көліктерге қойылатын талап күшейтілмек

Семейдегі 50 бағыттағы автобустарға 7 тасымалдаушы жұмылдырылған.

Жолаушылар тасымалында ереже бұзғандар бұдан былай жұмыстан шеттетіліп, олардың орнына басқа ұйымдар жұмысқа тартылады.

«Қазір біз автобус қозғалысының жиілігін сақтамаған тасымалдаушыларды бағыттан алып тастай аламыз. Егер 70%-дан кем болса, сот арқылы алынады. Мұндай мысалдарды № 8 және № 10 бағыттары бойынша байқай аласыздар. Бағыттарды басқа тасымалдаушыларға бердік. Ереже бұзушылардың орнына басқа ұйымдар қызмет көрсетуге кірісті», - деді Семей қаласы жолаушылар тасымалы басқармасы орталығының директоры Бейсенғазы Тастекеев.

Қалалық жолаушылар тасымалы басқармасы орталығына арнайы құрылғылар орнатылды. GPS-желісімен 400-ге жуық қоғамдық көлік қамтылған. Ол қалалық автобустардың орналасқан жерін, бағытын, мемлекеттік номерін, жылдамдығы мен қозғалыс жиілігін дәл анықтауға мүмкіндік береді.