Семейде қоқыс таситын көлік дөңгелегі асфальттың астына түсіп кетті
СЕМЕЙ. KAZINFORM - Семей қаласындағы Зарядная мен Дулатов көшелерінің қиылысында асфальт опырылып жатыр.

Бүгін Зарядная көшесінен келе жатқан қоқыс таситын көлік бағдаршамға тоқтаған. Бірақ ары қарай жүре алмай қалды. Себебі асфальттың беті көліктің салмағын көтере алмай опырылып түсті. Жүк көлігінің артқы оң жақ дөңгелегі асфальттың астына түсіп кеткен.
- Кенеттен бір қатты соққыны сездік. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеді. Біз бірден әкімдікке, түрлі қызметтерге хабарластық. Бірақ ешкім жауап бермеді. Тек журналистермен байланысқа шыққаннан кейін, 1 жарым сағатқа жуық уақыттан соң патрульдік полицейлер келді. Кейін әкімдіктің ТҮКШ бөлімі мен «Водоканал» мамандары жетті. Кран арқылы көлікті алып шықтық, - дейді қоқыс таситын көліктің жүргізушісі Иван Васильев.
Тұрғындардың айтуынша, асфальт көліктің ғана емес, адамның салмағынан да опырылып кетеді. Осындай сәтті видеоға түсірген куәгер аяғының астында шұңқырлар пайда болғанын айтты.
Қала әкімдігінен мәселенің шешімін табатынын мәлім етті.
- Дулатов пен Зарядная көшелерінің қиылысындағы жағдай бақылауға алынды. Қажетті ескерту белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар жол жамылғысының жағдайын бағалап, аумақты тексеріп жатыр. Опырылған жер жедел қалыпқа келтіріле бастады. Жұмыс барысы туралы қосымша ақпарат беріледі, - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, бұған дейін Өскеменде пойыз бен автобус соқтығыса жаздағаны хабарланған.