Семейде құрылған «Қызыл Ту» орденді 238-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы Мәскеуді қорғады

Экспозициялардың ішінде Семей облысында құрылған екі дивизияның, бірнеше әскери бөлім мен бөлімшенің ерлік жолын сипаттайтын стендтер қонақтардың көңілінен шықты.
1941 жылдың жазында Семейде полковник Генадий Коротков пен оның саяси тәрбие жөніндегі орынбасары, батальонның аға комиссары Сергей Грудановтар басқарған 238-ші атқыштар дивизиясы құрылып, қазан айында соғысқа аттандырылған еді.
Дивизия сап түзеген бойы Ока өзенінің арғы бетінде, Тула облысы Алексин қаласының батыс жағындағы шайқасқа бірден араласып кетті.
«Мәскеу түбінде кеңес әскерлері, соның ішінде 238-ші дивизия жаудың үш армиясы, 77 дивизиядан тұратын үш танк тобының қарсылығына қарамастан, фашист әскерінің шабуылына тойтарыс берді, - дейді мұражай маманы Зәйтүна Сейітқалиева. Тарихи деректерге қарағанда, сол кезде жау әскерінің қатары бір миллион адамнан артық еді.
238-ші атқыштар дивизиясы Мәскеуді 35 тәулік бойы қасық қаны қалғанша қорғады.1941 жылы желтоқсанның 15-нде Алексин қаласы аумағында фашист әскеріне жойқын тойтарыс берілді. Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлік көрсеткені үшін Семейде құрылған дивизия Қызыл Ту орденімен марапатталды. Кейін дивизияға «гвардиялық» құрметті атағы берілген еді.