Семейде құтқарушылар балкон арқылы кіріп, 4 баланы аман алып шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Семей қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары пәтерде жалғыз қалған балаларды аман-есен сыртқа шығарды.

Оқиға М.Дулатов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған.
- Көпбалалы ана дүкенге шығып кеткен кезде пәтерде 2009, 2013, 2015 және 2023 жылы туған төрт баласы қалған. Қайтып келгенде есікті аша алмай, балалардан да еш жауап болмаған соң, әйел көмекке құтқарушыларды шақыруға мәжбүр болды, - делінген ақпаратта.
Оқиға орнына жедел жеткен Семей қаласының жедел-құтқару жасағы үш иінді баспалдақтың көмегімен балкон арқылы пәтерге кіріп, есікті ішінен ашты. Балалар дін аман, ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Құтқарушылар оларды анасына аман-есен табыстады.
Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға және қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.
Айта кетейік, ШҚО-да құтқарушылар жағажайларды әуеден патрульдеп жүр.