Семейде мас жүргізушіні тоқтату үшін оқ атуға тура келді

СЕМЕЙ. KAZINFORM - Семей қаласында мас күйде көлік тізгініне отырған ер адам полицейлерден қашып құтылмақ болды.

полиция
Фото: Абай облысы ПД

19 қыркүйекте түнгі сағат 01.00 шамасында полицияға хабарласқан адам Өскемен көшесімен зуылдап келе жатқан эвакуатор жүргізушісінің мас болуы мүмкін екені туралы айтқан.

- Сол жерге қарай аттанған «Барыс 615» патрульдік полиция экипажы эвакуаторды байқап, жүргізушіні тоқтатады. Алайда ол бағынбай, ары қарай жүрісін жалғастырып, жаяу жүргіншілер мен басқа көліктерге қауіп төндірген, - деп хабарлады Абай облысы Полиция департаментінен.

Полицейлер эвакуатордың соңына түсіп, қуа кеткен. Жүргізуші түрлі маневр жасап, қашып құтылмақ болған.

- Оны тоқтату үшін полицейлердің бірі ескерту үшін алдымен ауаға оқ атады. Одан нәтиже болмағаннан кейін көліктің дөңгелегіне оқ жаудырады. Дөңгелектері тесілгеннен кейін ғана эвакуатор тоқтады, - делінген ақпаратта.

Тізгінде 29 жастағы семейлік тұрғын болған. Медициналық сараптама оның орта деңгейде мас болғанын көрсетті. Жүргізуші айықтырғышқа жеткізіліп, эвакуатор арнайы тұраққа қойылды.

Еске салсақ, осыған дейін Алматыда гранит плиталарды ұрлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған.

Соңғы жаңалықтар