Семейде өрт сөндірушілер жалынмен үш сағат бойы арпалысты

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде ірі өрт оқиғасы тіркелді. 2 қабатты бос тұрған ғимараттан шыққан тілсіз жаумен өрт сөндірушілер 3 сағатқа жуық арпалысты. Бұл туралы ҚазАқпарат ШҚО ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Семейде өрт сөндірушілер жалынмен үш сағат бойы арпалысты

Өрт Әуезов даңғылы, 75 мекенжайында тіркелді. Тілсіз жау бос тұрған 2 қабатты ғимараттың 1-ші қабатынан шыққан. Жалпы аумағы 375 шаршы метр.

Мамандардың алдын ала болжамы бойынша өрт қасақана қойылған.

«Өрт ғимараттың қабырғасы мен төбесін шарпып үлгерген. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер 1 сағаттың ішінде қызыл жалынды ауыздықтады. Бірақ толық  сөндіруге 2,5 сағат уақыт кетті. Қазір шығын көлемі анықталып жатыр», делінген хабарламада.

Өртті сөндіруге жеке құрамның 32 қызметкері мен 8 арнайы техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Семейде 293 өрт оқиғасы тіркелді. 257 адам құтқарылса, оның 54-і бала.  Ал 4 адам көз жұмды. Мамандардың сөзінше, өрт оқиғаларының  80 пайызына тұрғындардың өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамауы себеп.