Семейде полицей пара алып жатқан жерінен ұсталды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде Затон полиция бөлімшесінің қызметкері пара алып жатқан жерінен ұсталды.  Ол күдіктінің ұялы телефонды ұрлау ісіне қатысы барын жасыру мақсатында сыйақы талап еткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Полиция қызметкері қызметтік көлік ішінде 100 мың тенге ақшаны алып жатқан жерінде қолға түсті.  Алайда, келісілген сыйақы мөлшері 300 мың тенге болған.

Семей аймағы бойынша ауданаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Өтеповтың айтуынша, тіркелген факті бойынша Затон полиция бөлімінің бастығы мен бірқатар қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Атап өтілгендей, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі өткізген рейд барысында бір күнде бірнеше инспектор ұсталған. Параға берілмек болған жалпы сома - 20 мың теңге.

«Полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық істері жиілеп барады. Көбінесе параны жүргізушілерден әкімшілік құқықбұзушылықтарды жасыру үшін алады. Сонымен қатар Семей қалалық ІІБ-нің жол полициясының бірнеше инспекторы ұсталды. Яғни, олар Қазақстан Республикасының жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілердің жасаған әкімшілік құқықбұзушылық әрекетін жасырған. Қазірде жемқорлықпен күрес қатаң жүріп жатыр. Сондықтан әркім өз ісіне адал болғаны жөн», - деді Бақытжан Өтепов.

2017 жылы Семейде жемқорлық қылмыстарына байланысты 97 іс қозғалды. Оның 30-ы құқыққорғау органдарының қатарында анықталған.

Ал 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі істер органы қызметкерлері тарапынан жасалған жемқорлық әрекеттері бойынша 17 қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар