Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына арналып ас берілді
Аста Қазақстан халқы Ассамблеясы мен өңірлік ассамблеялардың мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, шығармашыл зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, еліміздің әр аймағынан және алыс-жақын шет елдерден келген лауазымды тұлғалар мен дін өкілдері, саяси қуғын-сүргін көрген Алашордашылардың ұрпақтары, ғалымдар, музей және мұрағат қызметкерлері, БАҚ өкілдері болды. Бұл туралы Семей қаласының ішкі саясат бөлімінен хабарлады .
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өнірі бойынша өкіл имамы Мақсат қажы Алтыбай қуғын-сүргін құрбандарының рухына Құран бағыштап, қатым түсірді. Имам өткендер үшін дұға қылудың дініміздегі орны туралы уағыз айтып, өткізіп отырған шараның мақсатына тоқталды.
Зұлмат жылдары солақай саясаттың құрбаны болған қазақтың ұл-қыздарын еске алып, оларды ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 31 мамырды қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күн Қазақстан үшін айрықша мағынаға ие. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Халық жауларын» анықтау бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілген. Сол кездердегі қатігез саясат салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті.
Ас үстінде сөз алған меймандар мен Алаш арыстарының ұрпақтары тарихи, естелік әңгімелер айтты. Тарих беттерінде таңба болып қалған небір зобалаң замандарды сөз еткен қонақтар: «Ұлтымыздың бастан кешірген кайғы-қасіреті тек тарих боп қалсын, енді елімізде мәңгілік тыныштық, бейбітшілік болсын», - деген тілектерін білдірді. Қарт қаламгер Сейітмұхаммед Тәбәріков ас қайырып, ақ батасын берді.