Семейде шақалақты қоқыс жәшігіне тастаған бұрынғы полицейлерге қатысты сот үкімі шықты
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңа туған сәбиінің өліміне кінәлі деп танылған бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты үкім шығарды.
Ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал баланың анасы сот залында жазасын өтеуден босатылды. Бұған қоса, екеуі де полиция шендерінен айырылды.
Сот процесі биыл ақпан айында болған қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиғаға нүкте қойды.
Ата-анасына тағайындалған жазалардың айтарлықтай айырмашылығы олардың әрекеттеріне берілген құқықтық бағаға байланысты.
— Сот үкімімен А.Е. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 100-бабы («Ананың жаңа туған баласын өлтіру») бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес, ол жазасын өтеуден босатылды. Ал Б.С. аталған Кодекстің 99-бабы 3-бөлігіне («Кәмелетке толмаған адамды өлтіру») сәйкес кінәлі деп танылды. Бұл бапта өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін ақша жымқырған «Таза Өскемен» кәсіпорны басшыларының жазасы 7 жылға ұзартылғаны хабарланған.