Семейде соғыс ардагерлері жарты миллион теңгеден алды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - 9 мамыр - Жеңіс күні мерекесіне орай Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов соғыс ардагерлерін үйлеріне барып құттықтап, 500 мың теңгенің сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала басшысы 4 ардагерді құттықтады. Солардың бірі Атамбай Оразбаев. 95 жастағы майдангермен әңгімелесу барысында әкім бейбіт өмір сыйлаған ардагерлердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
«Қан майданда жеңіске жетуге сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіздің арқасында біз, бүгінгі ұрпақ бейбіт күн кешіп жатыр», - деді әкім.
Атамбай Оразбаев 1923 жылы 1 қаңтарда бұрынғы Семей облысы, Жарма ауданында дүниеге келген. 1941 жылы 18 жасында Аягөзге әскер қатарына шақырылады. Ал 1942 жылы 25 қарашада соғыс даласына аттанады.100-ші атқыштар дивизиясының жауынгері болған. Харьков, Киев, Варшава қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан. Соғыс жылдарындағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» және ҰОС ІІ дәрежелі медалімен марапатталған. Бүгінгі күні Семей өңірінің құрметті ақсақалы.
Кездесу соңында қарт ұрпақтан егемен еліміздегі бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, оны қастерлеуін өтінді.
Айта кетейік бүгінгі күні қалада 47 ҰОС ардагері тұрады.