Семейде соққыға жығылған оқушының қазіргі жағдайы қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Білікті мамандар жасөспірімнің психологиялық жағдайын қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Абай облыстық полиция департаменті.

Ведомство мәліметінше, Абай облысында жасөспірімдер арасындағы жанжал ерекше бақылауға алынды. Қазір жәбірленушіге жан-жақты көмек көрсетілуде.
— Қазіргі уақытта жәбірленуші жасөспірімге ерекше назар аударылуда — ол арнайы орталықта мамандардың бақылауында. Психологтар мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл оған қажетті қолдау көрсетіп, оқиғадан кейінгі эмоционалдық әсерлерді жеңуге көмектесуде. Білікті мамандар жасөспірімнің психологиялық жағдайын қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Оқиғаға қатысы бар жасөспірімдерге қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Ертең кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтеді, онда әрбір қатысушының әрекеті жеке қаралып, қажетті шешімдер қабылданады, — делінген облыстық ПД таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұдан бұрын Семейде жасөспірімдер алтыншы сынып оқушысын соққыға жыққаны анықталды. Оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.