Семейде студент жастар театрының қатары толықты

Бұл туралы Семей қаласының ішкі саясат бөлімінен хабарлады.
Қанат Жүнісовтің «Студенттер хикаясы» (комедия) атты пьесасын жас театр өзінің алғашқы қойылымы ретінде қалалық мәдениет сарайында көрерменге ұсынды. «Студенттер хикаясы» атты пьесаға 16-19 жас аралығындағы педагогикалық колледж студенттері қатысты. Комедия жанрындағы қойылым көрермен көңілінен шықты. Бұл қойылым жоғарғы курс студенттерінің бірінші курс студентіне көрсеткен өктемділігін, сол қызықты шақтағы махаббат сезімін бейнелейді. Рөлдегі жас әртістер өз рөлдерін асқан шеберлікпен алып шықты. Қойылым режиссері - колледж ұстазы Ақерке Досымбаева.
«Халықтың болмысын, өткені мен келешегін танытатын - мәдениет. «Мәдениет - ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады», - деп Елбасы Н.Ә. Назарбаев атап көрсеткендей, адамзат тарихының күре тамыры мәдениет. Мәдениеттің өзекті бөлігі - өнер. Болашақ жастардың қолында, соның ішіндегі басымдылық өнерлі жастарда», - дейді ұйымдастырушылар.