Семейде Тәуелсіздік күніне орай ақындар айтысы мен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтеді
Ал дөңгелек үстелде қоғам өкілдері «Тәуелсіздікті сақтап, нығайту - Қазақстанның әр азаматының қасиетті борышы» тақырыбын кеңінен талқыламақ.
Сонымен қатар концерттік бағдарламалардан басқа, әдеби-музыкалық кештер қамтылмақ. Атап айтқанда, қаладағы алаңдарда, білім, мәдениет және спорт мекемелерінде, тіпті, ашық аспан астында да «Тәуелсіздік - халық игілігі мен бірлігінің жемісі» тақырыптық кеші, сондай-ақ ақындар айтысы, барлық ұжымдарда салтанатты кештер, көрмелер, тақырыптық бейнематериалдар көрсетілімдері, спорттық шаралар ұйымдастырылмақ. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мәдениет және демалыс орындарында халықтық серуен мен ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өткізіледі. Ал шаһардағы жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептерде аталмыш мерекеге орай сыныптық, кураторлық сағаттар, дөңгелек үстелдер, көрмелер, салтанатты жиындар болмақ. Бұдан басқа, этномәдени орталықтар мен жастардың қатысуымен «Мәңгілік ел» қалалық форумы, «Татулық - достықтың киелі бесігі» фестивалі ұйымдастырылып, жаңа нысандар ашылмақ. Ал Абай мұражайында «Алаш» партиясының қайраткерлеріне арналған «Алаш идеясы - Тәуелсіздік негізі» танымдық кеші өткізіледі. Семей қаласының әкімі қалада тұрып жатқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушылармен жүздеседі. Әрі, Тәуелсіздік құрдастарының слеті ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды қала әкімдігінен.