Семейде «Таза қала» жобасында көтерілген мәселелер шешілді ме
СЕМЕЙ. KAZINFORM — Президент телерадиокешенінің «Таза қала» жобасында Семей тазалығы жөнінен рейтингі төмен қалалардың қатарынан көрінді. Сол кезде тұрғындар түйіні тарқатылмаған талай түйткілді ашық айтқан. Осы ретте Kazinform тілшісі бұл мәселелердің шешімін тапқан-таппағанын біліп көрді.

«Құлай ма деп қорқамыз»
Ең әуелі Ертіс өзеніндегі «Бейбітшілік аралынан» бастайық. Осында ядролық полигон құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі орын тепкен.
Таңмен таласа тұрып, аралға ағылған жұрт жаттығу жасап, дене шынықтырады. Алайда ондағы жағдай көптің көңілін көншітпейді.
Тұрғындар аралдың жазда арамшөпке оранып тұратынына, кабельдердің жерде ашық жатқанына және жарық бағаналарының құлайын деп тұрғанына шағымданды.
— Бейбітшілік аралындағы жарық бағаналары қауіпті тұр. Кез келген сәтте құлауы мүмкін. Өйткені бұл бағаналардың жер астында кемі 1 метр тіреуі болуы қажет, оның орнына 26 см ғана қазық қағылған, — деді қоғам белсендісі Роллан Машпиев.

Бұл мәселені шешу мақсатында не істелгенін Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков айтып берді.
— Бейбітшілік аралындағы жарықтандыруға қатысты айтар болсақ, топырақтың ерекшелігіне, ауа райы жағдайына байланысты бетон негізі бұлыңғырланған. Соған байланысты осы аймақтағы көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Жер бетіндегі кабельге қатысты да тұйықталуды жою бойынша жұмыстар атқарылды. Аралды жарықтандыруға «Verena tech research» ЖШС мердігерлік ұйымынан 3 жылдық кепілдік бар. Демек, жарықшамдар жанып кеткен жағдайда кепілдік міндеттемелері шеңберінде қалпына келтірілуі тиіс. Бұдан бөлек, биыл аралдағы этноауыл аумағы абаттандырылды, — деді ол.
Сот шешімі шықты
Ал Шымкент көшесінің тұрғындары қоқыс контейнерлерінің жоқтығына, жарықшамдарының орнатылмай келе жатқанына шағымданған-тұғын.
— Бізге қоқыс жәшіктері мен жарықшамдар қойып береміз деп уәде берген. Бірақ ешқандай жұмысты көрмедік. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына бардым. «Қоқыс жәшіктерін алып өзіңіз қондырыңыз. Қолымнан келетіні осы» деп жауап берді. «Ақшаны сіз аласыз, ал қоқыс жәшіктерін біз орнатамыз ба?» деп сұрадым. Есесіне, «қоқыс жәшіктерін аласыз» деп жауап берді, — дейді ПИК басшысы Наталья Бакланова.

Абай облысы әкімі орынбасарының айтуынша, Шымкент көшесін жарықтандыруға қатысты жоба «Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің өңірлік орталығы» АҚ балансында тұр.
— Аталған акционерлік қоғаммен сот процесі өтті. Соттың 2024 жылғы 1 қарашадағы шешіміне сәйкес, 2025 жылдың шілде айының 31-іне дейін АҚ көше жарығын толық көлемде қалпына келтіруі тиіс. Бұл мәселе ТҮКШ бөлімі мен сот атқарушы органдарының бақылауында. Сондай-ақ Шымкент көшесіне қоқыс жәшіктерін қоятын алаң салынды, — деді Димитрий Гариков.
109 мың адам қатысқан
Жалпы биыл қалалық ТҮКШ бөлімі 1000 дана қоқыс жәшіктерін сатып алған.
Оның ішінде 66 шағын аудандағы қоқыс жәшіктерінің жетіспеушілігі мәселесі де шешілген.
Еске салсақ, ондағы халық бұл туралы да «Таза қала» жобасы аясында айтқан.
— Абай облысы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасына 109 мыңнан астам адам қатысты. 3 634 ұйым және 2 121 техника жұмылдырылды. 104,8 мың аула, 239 саябақ пен сквер, 385 ескерткіш аумағы тазартылды. Полигондарға 55 153 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Жыл көлемінде 968 су қоймасы, 31 530 метр арық пен 32 субұрқақ тазартылған. Өңір елді мекендерінің аумағына 63 670 ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» платформасы арқылы жұрттан 137 өтінім қабылданып, оның 124-і орындалды, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Семейде 2024 жылы линден, долана, емен, тау күлі сынды 598 ағаш пен 15 000 бұта отырғызылған.
«Менің аулам» бағдарламасы бойынша 64 аула аумағы абаттандырылды. Оның ішінде халық қатысатын бюджет бойынша 14 аула бар.
— Қала бойынша Сеченов паркі салынды. Жалпы ауданы 4100 шаршы метр тас төселіп, шағын сәулет нысандары, көше жарығы шамдары, жүгіру жолы орнатылды. Бұдан бөлек, Дәрігерлер алаңы бой көтерді. Жаңа алаңның жалпы ауданы — 6 мың шаршы метр. Аумақты көгалдандыруға ерекше назар аударылды: алма, қайың, пирамида теректері мен бөріқарақат және тау күлі сияқты бұталардың көшеттері отырғызылды. Жаттығу жасау және релаксация үшін спорт алаңдары мен арнайы аймақтар жасалды. Кешенге жарық тартылып, шағын сәулеттік нысандар қойылды, — делінген ақпаратта.

Найманбаев пен Момышұлы көшелерінің қиылысында қала тұрғындары мен қонақтарын қызықтыратын Тарихи түйіспе, Лермонтов көшесінде Құтқарушылар алаңы ашылған.
Шаһардағы биылғы басты жаңалықтардың бірі — Шәкәрім Құдайбердіұлының ескерткіші болды. Ақын ескерткіші Қабанбай батыр көшесі мен Шәкәрім даңғылының қиылысында тұғырға қонған.
Ал 2025 жылы Семейде 30-дан астам аула аумағы абаттандырылып, халық қатысатын бюджет бағдарламасы шеңберінде 15 жобаны іске асыру көзделген.
Еске салсақ, осыған дейін «Таза қала» жобасы Семейдің тазалығын тексергені хабарланған.
