Семейде тегін құқықтық қызмет көрсету орталығы ашылды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде Шәкәрім университетінің құқықтану кафедрасында құқықтық көмек орталығы ашылды. Мақсат - халыққа тегін құқықтық қызмет ұсыну, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Университеттің мұғалімдер мен жоғары курс студенттері құқықтық көмекке мұқтаж адамдарға тегін заңгерлік қызметтер көрсетуді бастады. Құқықтық кеңес беру, сот құжаттарын ресімдеу, арыз-шағым жазу сияқты қызметтерді көрсетеді. Мұндай тәжірибе болашақ заңгерлердің теориялық білімдерін арттыруға да септігін тигізеді», - дейді орталық мамандары.
«Біздің университетте құқықтық орталық ашу мәселесі бұрыннан келе жатқан жоспар. Бізге көптеген қала тұрғындары түрлі мәселелерін айтып келеді. Мысалы, талап-арызды қалай жазу керек, қалай шағымдануға болады дегендей. Өйткені көпшілігі заң талаптарына біле бермейді. Ал жеке заңгерлер қызметіне ақша алада. Жақында банктен алданған тұрғындар арасында жанжал пайда болды. Біз оларға арыз жазуға көмектесіп, кеңес бердік. Сонымен қатар бұл студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Олар білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырады», - деді құқықтану кафедрасының меңгерушісі Әлия Толысбаева.
Орталық Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа ала отырып, көмек қолын созады. Тегін құқықтық көмекті мұғалімдер мен студенттерден құралған 10 адам көрсетеді. Айта кетейік, негізі қалада бір заңгердің кеңесі 2 мың теңге тұрады.