Семейде теміржол жиегін қоқыстан тазарту жұмыстары басталды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде теміржол айналасын қоқыстан тазарту жұмыстары басталды. «Теміржол көлігі» кәсіпорындарының 400 қызметкері сенбілікке шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
11 мамыр күні қала әкімі Ермак Сәлімов теміржол бөлімінің басшылығымен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің өкілдерімен теміржолдарға жақын аумақтың санитарлық жағдайына байланысты кеңес өткізген еді. Кездесу барысында қала әкімі аталған аумақтарды тазарту бойынысты нақты тапсырмалар берді. Себебі, жол жиегінде шашылып, үйіліп жатқан қоқыс қалдықтарынан құтылу өзекті мәселелердің қатарында.
Теміржол аумағын қоқыстан тазалау жұмыстары ай сайын жүргізіледі. Дегенмен, тұрғындардың тазалық мәселесіне немқұрайдылық таныту салдарынан тазартылған кейбір аумақтар қайта қоқыс алаңына айналады.
«Теміржол жиегін қоқыстан тазалу жұмыстарымен күрес үнемі жүргізіледі. Бірақ нәтиже жоқ. Барлық теміржол маңы қоқысқа толы. Бүгін тазаласақ, ертең қоқыс шашылып жатады. Сондықтан барлығын тазалық жұмыстарына жауапкершілікпен қарауға шақырамыз», - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Семей жүк тасымалы бөлімшесі» филиалының директоры Ерғазы Жұмаділов.
Сондай-ақ, теміржол маңына қоқыс тастайтындар тұрмыстық қалдықтарды қаладан шығарумен айналысатын кәсіпорындармен келісімшартқа отырмаған шағын және орта бизнес өкілдері. Қазір Семей қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары олармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер заңсыз қоқыс тастауды жалғастырса, әкімшілік хаттама толтырылып, 27 АЕК -тен бастап айыппұл салынады. Ал бүгінгі күнге дейін 148 әкімшілік хаттама толтырылған. Жалпы сомасы 528 мың айыппұл салынған.