Семейде теректің мамығынан шыққан өрт үйді шарпыды
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде терек үрпегінен өрт шығып, үй өртке оранды. Бұл туралы ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаздың алғашқы айында терек ағашының гүлдеп, тұқым шашқан кезінде төтеншеліктер өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. Өйткені, балалардың жердегі аппақ мамықты қызықтап, әдейі өрт қоятыны бар. Осындай оқиғалардың бірі Красин көшесіндегі 19 үйде тіркелді. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенде, үйдің ауласындағы қорасы мен үйдің шатыры өртке оранған. Жалын аумағы 120 шаршы метрді шарпыды. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.
«Мамық жанса жалынды тоқтату қиын. Сондықтан тұрғындардан өрт қауіпсіздігін сақтауды сұраймыз. Әсіресе балаларға мамықты өртеу қауіпті екенін түсіндіру керек. Қазір орын алған өрттің нақты шығу себебі мен шығын көлемі анықталып жатыр», - делінген хабарламада.