Семейде толассыз жауған жаңбыр салдарынан аулаларға су кірген

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі уақытта жиналған суды сору жұмыстарына 65 техника, 20 мотопомпа және 250-ге жуық қызметкер жұмылдырылды, деп хабарлайды Семей қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Семейде аулаларды су басты
Фото: Видеодан скрин

Еріген қар мен жаңбыр суларын шығару жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр. Қала аумағында су басудың алдын алу және су жиналған жерлерді тазарту мақсатында арнайы қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта түнгі жұмыстарға 65 техника, 20 мотопомпа және 250-ге жуық қызметкер жұмылдырылды. Мамандар көшелердегі, аулалардағы және су жиналған учаскелердегі суды шығару жұмыстарын жүргізіп келеді. 

— Толассыз жауған жауын қалада біраз қиыншылықтар туындатып жатыр. Қазіргі мақсатымыз жер үйлерге су кіргізбеу. Аулаларда су тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Жұмыстар таң атқанша жалғасады, — деді қала әкімі Әділет Қожанбаев.

Семей тұрғынының сөзінше, су басқан бойда төтенше жағдайлар қызметіне хабарласқан. Олар өз кезегінде дереу келіп жеткен.

— Осындай жағдай болды: бізді су басты. Бірден Төтенше жағдайлар қызметіне хабарластық. Олар келіп, қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Машиналар ауладағы суды сорып жатыр, — деді ол.

Бұдан бұрын Шымкент жауын-шашын тәуліктік нормадан асып түсіп, көшелерді су басқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар