Семейде Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған кітап көрмесі ашылды
Көрмеге 100-ден астам кітаптар мен мерзімдік басылымдар қойылып отыр. Отанын қорғап жүріп, қазақстандық майдангерлер шығармашылыққа да уақыт тапқан: олар өлеңдер және прозалар жазған. Қайым Мұхамеджанов, Әзілхан Нұршайықов, Дмитрий Черепанов, Қасым Қайсенов, Әди Шәріпов және т.б. майдангер-жазушылардың көрмеге қойылған туындылары осының айғағы.
Ұлы Отан соғысына қалам тартқан қазіргі заманның ақындары мен жазушылары да баршылық. Кітап көрмесінің таныстырылымында кітапхана оқырмандары мен студент жастардың алдында семейлік және өскемендік ақындар Николай Алексеев пен Владимир Деев сөз сөйлеп, өз шығармашылықтары туралы әңгімелеп берді.
«Бұл көрме Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай біздің кітапханамыз жоспарлап отырған іс-шаралардың бастамасы. Жақын арада біз «Соғыс оты шарпыған» деген тақырыпта әдеби кеш өткізуді, «Жеңіс жылнамасы» кітабының таныстырылымын ұйымдастыруды, «Соғыс жылдарының жаңғырығы» деген тақырыпта саяхат-көрме өткізуді жоспарлап отырмыз», дейді кітапхана қызметкері Назгүл Дәулетқазина.