Семейде жоғалған баланы іздеуге 1000-нан астам адам жұмылдырылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласында 7 жастағы баланы іздестіру жұмыстары ауқымды түрде жалғасып жатыр.

22 маусым күні сағат 01:40-тағы жағдай бойынша іздеу шараларына 1000-нан астам адам тартылған.
Абай облысы полиция департаментінің үндеуіне волонтерлер, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті тұрғындар белсенді түрде үн қосты. Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлерімен бірге арнайы мақсаттағы СОБР бөлімшесінің жауынгерлері және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылған.
Орман алқаптары, ашық дала мен іргелес аумақтар мұқият тексеріліп жатыр. Баланың баруы мүмкін барлық бағыттарға полицияның қос-қостан жасақтары жіберілді. Патрульдік полиция батальонының күштері күшейтіліп, қызметтік иттер тартылды.
Ашық аумақтарда тізбектеле аралап іздеу әдісі қолданылып жатыр.
Айта кетелік Семейде 7 жасар баланы іздестіріп жатқаны туралы жазған едік.