Семейде жоғалып кеткен 15 жастағы қыз табылды

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 16 тамызда сағат 16.30-да полицияға хабарласқан әйел қызының із-түзсіз жоғалғанын жеткізді. Оның айтуынша, түскі уақытта дүкенге шыққан 15 жастағы қызы сол күйі қайтып оралмаған.
«Тәртіп сақшылары бірден жедел-іздестіру шараларына кірісті. Барлығы 183 адам, оның ішінде 33 ерікті тартылған. 17 тамыз күні сағат 22.00 шамасында жасөспірім аман-есен табылды», - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, 9 сынып оқушысы 408 квартал көшесінде тұратын әжесінің үйіне бара жатып адасқан. Жолды таба алмай шаршаған ол көшедегі орындықтардың біріне жатып, ұйықтап кетті. Келесі күні «Новостройка» аялдамасында тұрған бейтаныс әйелден жол сұраған. Ол жасөспірімді әжесінің үйіне дейін шығарып салды. Қазіргі уақытта қыз ата-анасына жеткізілді.