Семейде жолаушылар автобусы өртенді
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде жолаушылар автобусы өртенді. Өрт автобус жүріп келе жатқанда тұтанған. Абырой болғанда зардап шеккен жолаушылар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оқыс оқиға сағат 12.20-да орын алды. «MAN» маркалы жолаушылар автобусы Дулатов көшесінде келе жатқанда өртке оранған. Абырой болғанда қоғамдық көлік бос болған. Жүргізуші өзін жайсыз сезінген соң жолаушыларды «Базар» аялдамасынан түсіріп кеткен.
Ал өрт шыққан уақытта жүргізуші сыртқа шығып үлгеріпті. Өз бетінше тілсіз жауды сөндірмек болған әрекетінен түк шықпаған соң оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырған.
«Өрт автобустың мотор бөлігінен шыққан. Жалпы аумағы 36 шаршы метр. Құтқарушылар жалынды 40 минут дегенде өшірді. Сөндіру жұмыстарына 3 арнайы техника мен 8 адам жұмылдырылды. Қазір нақты себептері мен шығын көлемі анықталып жатыр» делінген қалалық ТЖБ таратқан хабарламада.