Семейдегі ескі көпір апатты деп танылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласындағы Ертіс арқылы өтетін ескі көпірде көлік қозғалысы шектелді.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көпір ресми түрде апатты жағдайда деп танылды.
Сарапшылар жүргізген зерттеу жұмыстары барысында көпірдің жүктемесі межелі шектен асып кеткендігі анықталды. Қауіпсіздік мақсатында көліктер енді бұрынғыдай төрт жолақпен емес, тек екі жолақпен жүреді.
- Бұл жүргізушілер үшін уақытша қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бірақ қауіпсіздік - бірінші кезекте болуы тиіс. Қабылданған шаралар көпірге түсетін жүктемені азайтып, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді, - дейді Семей қалалық ПБ бастығы Қайрат Әбдіғалиев.
Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде көлік көпірден құлап кеткені хабарланған.