Семейдегі ірі сауда үйіндегі өрттен тауары бүлінген кәсіпкерлер үшін арнайы штаб құрылды
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Семей қаласындағы ірі сауда үйіндегі өрттен тауары бүлінген кәсіпкерлерге көмек көрсету үшін арнайы штаб құрылды.

Абай облыстық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, «Ақшың» сауда орталығында болған өрттен мүлігі бүлінген кәсіпкерлердің тізімі жасалып, залал мөлшері есептелуде. Қазір оларға көмек көрсету бойынша шаралар қабылдануда.
Азаматтарды қабылдау, заңгерлік және бухгалтерлік кеңес беру үшін өңірлік палата жанынан жедел штаб құрылды. Ол Пушкин көшесі, 100 мекенжайында орналасқан.
«Кәсіпкерлерге заңгерлік және консультациялық көмек толық көрсетіледі. Біз бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы үшін пайдаланылатын алаң ұсынамыз. Бұл үшін кәсіпкерлерден нақты ахуалды біліп, қажетті көмек көлемін есептеу үшін ақпарат жинап, банктер, мемлекеттік органдардан көмек алуға ұсыныстар жасаймыз», - деді облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мақсат Сүйшінов.

Кәсіпкерлер жеткізген негізгі өтініштер – несие, салықтар бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, жаңа сауда орындарын іздеу.
«Мемлекеттен алдағы аптада зардап шеккендерге өртенген зат көлемінің кемі 10%-ын төлеуді сұраймыз. Алғашқы алты айда сауда орны тегін берілсе дейміз. Бұл бізге баға жетпес қолдау болмақ», - дейді кәсіпкерлер.
Еске салсақ, Семейде 6 желтоқсанда ірі сауда үйі өртенгенін хабарлаған едік.