Семейдегі танымал аспалы көпірге жөндеу жүргізіледі

аспалы көпір
Фото: Kazinform

Абай облысында Ертіс өзені арқылы жаңа төрт жолақты көпір салынып жатыр. Сондай-ақ, Семейдегі аспалы көпірге жөндеу жүргізіледі. Бұл туралы Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев елордадағы есеп беру брифингінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Көлік инфрақұрылымы саласында Ертіс өзені арқылы жаңа төрт жолақты көпір құрылысы жүруде. Аспалы көпірді жапон мамандары тексерді. Қазір жобалық-сметалық құжатамалары әзірленуде», - деді Нұрлан Ұранхаев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыс әкімдігінің хабарлауынша, көпірдің негізгі құрылымын жөндеу ғана емес, жол төсемін жаңарту да жоспарлануда.

Одан бөлек, 2023 жылы жергілікті маңызы бар 235 шақырым жол орташа жөндеуден өтті.

Аталған жұмыстарға 9,9 млрд теңге қарастырылған.

Оның ішінде «Омбы-Майқапшағай» тас жолынан «Северный» СЛО-ға дейінгі автожол салынды, Шәкенов көшесінде көпір салынып, Аягөз қаласындағы Барақ батыр көшесіндегі көпір қайта жаңғыртылған.

Нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесін жыл соңына дейін 90%-ға, 2025 жылға қарай – 97%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 

«Кешенді жоспарға сәйкес, 2024-2025 жылдары көлік дәлізін кеңейту үшін 270 шақырым болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған. Оның техникалық-экономикалық негіздемесіне сараптаманың оң қорытындысы алынды. Осы орайда әкімдік теміржол салуға арнайы жерлерді белгілеп, резервке қойды. Жобаны іске асыру Қытай Халық Республикасымен екіжақты теміржол тасымалы көлемінің жылдық мөлшерін, 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - дейді Нұрлан Ұранхаев.

Айта кетейік, Президент тапсырмасымен Семей қаласын дамытудың Бас жоспарын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді. 

Соңғы жаңалықтар