Семейдегі су тасқыны: Шүлбі СЭС-інен әкімдіктің келісімінсіз су жіберілген

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семейдегі Шүлбі су электр стансасынан жіберілген судың көлемі жергілікті әкімдіктің келісімінсіз көбейтілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
None

Бүгін таңнан бастап Ертістің деңгейі көтерілуі салдарынан шаһарға іргелес елді мекендерге су жайылған болатын.

Ертіс өзенінің арнасынан асуына Шүлбі СЭС-іне көп мөлшерде су жиналуы себеп болып отыр.

«Бұған дейін Шүлбі СЭС-інен секундына 500 текше метр су жіберіліп келсе, бүгін оның мөлшері 1800 текше метрге артқан. Салдарынан Ертістің деңгейі 5,06 метрге көтерілген. Ал Семей қаласы үшін аталмыш өзеннің деңгейі 4,5 метрге жетуінің өзі шетін жағдай болып саналады. Түйемойнақ аралы, Мирный және Шығыс кенттеріне су соның салдарынан жайылды» - делінген ресми хабарламада.

Қазірге дейін Түйемойнақ аралы ауданынан ғана 103 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 25-і бала. Аралдағы тасқынның бетін қайтару үшін 16 техника жұмылдырылыпты. «Востоквзрывпром» ЖШС мамандары Ертістің бетіндегі мұздарды жарылғыш затпен қопаруға кірісіп кеткен.

«Облыс бойынша гидротехникалық нысандардың жұмысын «Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы» мекемесі қадағалайды. Шүлбі СЭС-інен жіберілетін судың күнделікті мөлшерін көбейту шешімі жергілікті атқарушы органдармен келісілмеген» - дейді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.

Соңғы жаңалықтар