Семейдегі түрмеде сотталғандарды жұмыспен қамту үшін жаңа кәсіпорын ашылды

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семейдегі ОВ 156/14 түзету мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту үшін жаңа кәсіпорын ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі түрмеде сотталғандарды жұмыспен қамту үшін жаңа кәсіпорын ашылды

ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ОВ 156/14 қатаң режимді колонияда тағамға қосылатын микрокөктерді өсіретін жаңа кәсіпорын ашылды. Онда сотталғандар дәмдеуіштер өсіріп, табыс таба алады.

«Кәсіпорында жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазір негізінен кресс-салат, сарымсақ, байкон, ақжелкен, брокколи, күнзе, өсірілуде. Оларды салатқа, көжеге, коктейльге, смузиге және де басқа да сусындарға қосуға болады. Дәрумендерге бай мұндай тағамдарға сұраныс та артуда», - делінген ақпаратта.

Сонда жұмыс істейтін сотталған Николай Пактың айтуынша, дәнді сепкеннен кейін жемісті жинауға 5-12 күн қажет.

«Бізде жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Қажетті жабдықтар да бар. Еңбек еткен адамға бұл жерде уақыт жылдам өтеді. Маған керегі де сол», - дейді ол.

Қазіргі таңда колонияда 236 адам жұмыспен қамтылған. Бұл барлық сотталғанның 87 пайызын құрап отыр.