Семейдің полиция қызметкерлері жеке кәсіпкерге жасалған қарақшылық шабуылдың ізін суытпай ашты

Бұл туралы бүгін апталық брифингте ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
«Жәбірленушіні үйіне кіреберісте екі бейтаныс адам тапаншамен қорқытып, соққының астына алып, жалпы құны 5,5 миллион теңге тұратын құндыз терісінен жасалған 150 әйел бас киімі салынған үш сөмкені алып кетпекші болған», - деді ол.
Дегенмен қарсылық көрген олардың бірі күртешесін тастай салып, оқиға орнынан қашып үлгірген. Сол күні полиция қызметкерлері қарақшыларды анықтап, қолға түсірді. Олардың Семейге арам ойларын іске асыру үшін келген Өскемен қаласының 18 және 19 жастағы тұрғындары екені анықталды.
«Осы мақсатта олар тері бұйымдары дүкенінің иесінің ізіне түсіп, үйіне дейін аңдып барған. Таңертең кіреберісте әйелді тонамақшы болған олар, оның орнына ер адам шығады деп күтпеген. Сонымен қатар тауар иесін қорқытпақшы болған тапаншаның ойыншық екені анықталды», - деді Н.Ораз.
ҚР Қылмыстық Кодексінің 179 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер қамауға алынды. Олардың осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.