Семейлік мүсіншінің туындыларына сұраныс жоғары
Бала кезінен мүсінші болуды армандап, осы саланың қыр-сырына қанығу үшін алдына үлкен мақсаттар қояды. 5 сыныптан 9-шы сыныпқа дейін Көркемөнер мектебінде білім алады. Кейіннен 1997 жылы республикалық Көркемөнер колледжіне оқуға түсіп, аяқтағаннан кейін (2000 жылы) Қазақ Ұлттық өнер академиясында «Кескіндеме және мүсін» мамандығы бойынша білімін жетілдіреді.
Туғанынан өнердің ерекше түріне қызығушылық танытқан Нұрболдың бүгінгі күні қолынан шыққан 10-ға жуық туындысы бар.
«Мүсін жасауға қызығушылығым бастауыш сыныпты оқып жүргенде басталды. Осыны байқаған ата-анам мені Көркемөнер мектебіне берді. Осылай талабымды ұштадым. Қазір бала кездегі мақсатыма жеттім. Өзімді тіпті басқа салада елестетіп көрген емеспін»,-дейді Нұрбол.
Жас мүсіншінің қолынан шыққан монументтері Астана, Алматы, Бақанас сияқты бірқатар қалалардың көшелерінде тұр. Ал Шығыс Қазақстан облысында 3 монументі орналасқан екен. Солардың бірі Абай ауданының Қарауыл ауылында ұлы Абайдың əкесі Құнанбай Өскенбайұлының ескерткіші. Балқаштың мысынан құйылған туындының салмағы 12 тонна, биіктігі тұғырымен алғанда 7 метр. Нұрбол ескерткішті жасауға 10 ай уақыт жұмсаған. Тағы бір үлкен туындысы Жарма ауданында «Tуған жер» бағдарламасы аясында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовке орнатылған ескерткіш. Мыстан жасалған мүсіннің биіктігі тұғырымен алғанда 6 метр. Жас мүсінші бұл туындыны да жасауға бірнеше ай уақытын жұмсапты. Аягөз қаласында тұрған әйгілі жырау, батыр Ақтамберді Сарыұлының ескерткіші де Нұрболдың қолынан шыққан.
«Көбіне мүсіндерді қола, гранит тас пен мыстан жасаймын. Көлемі мен сапасына байланысты әртүрлі уақыт кетеді. Кейде бір ескерткіш жасау үшін бірнеше адам бірігіп істейміз. Үлкен шыдамдылық керек. Бір этаптың өзі бірнеше апта, күннен тұрады және фантазия, идея мықты болу керек. Өйткені, мүсінші өз ескерткіші арқылы халықты тəрбиелейді»,-дейді мүсінші.
Қазір Нұрбол Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында орнатылатын Баймұрат батыр ескерткішін жасап жатыр.