Семейлік полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңажылдық сыйлықтар табыс етті

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласының полиция қызметкерлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңажылдық сыйлықтар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейлік полицейлер балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңажылдық сыйлықтар табыс етті

Қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жыл қарсаңында Әуезов полиция бөлімінің қызметкерлері №8 балалар үйіне барды. Тәртіп сақшылары тәрбиеленушілерді келе жатқан мерекемен құттықтап, оларға сыйлықтар, атап айтқанда спорттық киімдер, тәтті-дәмді салынған дорбалар, жемістер мен ойыншықтар табыстады. Барлық сыйлықтар Әуезов полиция бөлімі қызметкерлерінің жеке қаражатына сатып алынған.

«Полиция қызметкерлері қайырымдылық шараларына белсенді қатысуда. Мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әркез дайынбыз», - дейді Семей қалалық ПБ кадр саясаты бөлімінің бастығы Еркебұлан Жаркенов.

Полицейлер 70-тен астам баланы құттықтады. Бүлдіршіндер мен балалар үйінің басшылығы сақшыларға алғыстарын білдірді.