Семсерлесуден Азия чемпионаты: Руслан Курбанов жартылай финалға жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Үндістан астанасы Делиде өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионатында Қазақстан командасының спортшысы Руслан Курбанов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ол ширек финалда қытайлық қарсыласын 15:6 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Енді біраздан соң Руслан тайпейлік Ранг Лимен шеберлік байқасады.
Кубановтың жартылай финалға дейінгі жолы:
1/32 айналым: Руслан Курбанов — Әли Намази 15:9
1/16 айналым: Руслан Курбанов — Джиан Сито 15:13
1/8 айналым: Руслан Курбанов — Ілім Бақытбекұлы 15:7
Ширек финал: Руслан Курбанов — Юхан Ху 15:6
Өкінішке қарай, өзге спортшыларымыз жартылай финалға шыға алмады.
Кирилл Проходов ширек финалға дейін жетсе, Ерлік Сертай 1/8 кезеңде жарыс жолынан шықты.
Ал Никита Жулинский 1/8 айналымда өз командаласы Проходовқа есе жіберді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде ең үздік нәтижені Анастасия Гулик көрсетті. Ол ширек финалда жапондық спортшыға есе жіберді. Әйгерім Сарыбай 1/8 кезеңге дейін жетсе, Карина Доспай мен Қайша Жаныбек 1/16 финалда жарысты аяқтады.
Осыдан бұрын Руслан Құрбанов Астанадағы семсерлесуден әлем кубогының финалында бақ сынайтынын жаздық.