Семсермен қаруланған ер адам Тайвань президентінің сарайына кірмек болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тайваньда Самурай семсерімен қаруланған ер адам президент сарайына кірмек болды. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Оның жолын бөгемек болған полицей иығына жарақат алғанына қарамастан, қаскөйді қарусыздандырды. Қазір жарақат алған тәртіп сақшысы ауруханада жатыр, жағдайы тұрақты.
Шабуыл жасаған адам ұсталды, одан жауап алынуда. Оны бұл әрекетке не итермелегені әзірге белгісіз. Тек оның семсерді ұрлап алғандығы анықталды. Шабуыл кезінде президенттің сарайда болған не болмағаны да беймәлім. Қазір Қытай республикасының президенті Демократиялық прогресшіл партияның өкілі Цай Инвэнь. Ол аралдың азаттығы мен Тайваньды республика ретінде жариялауды жақтаушылардың қатарында. ҚХР-мен жақындасу саясатына қарсы және бір жынысты некенің заңдастырылуын қолдайды.