Семіздікке шалдыққан балалар саны артып барады

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде 16 мыңнан астам адам артық салмақтан зардап шегеді. Бұл — тек дәрігерге жүгініп, ресми түрде есепке алынғандары ғана.

Атырау облысында былтыр 140 балаға семіздік диагнозы қойылған
Фото: pexels.com

Ұлттық денсаулық сақтау орталығының хабарлауынша, 6-9 жас аралығындағы әр бесінші бала артық салмақпен ауырады. Ал дүниежүзінде семіздікке шалдыққан және артық салмақ қосқан адамдар саны 2,5 миллиардқа жетті.

— Қазіргі тұтынатын тағамымыздың көбіне түрлі қоспалар араласқан. Табиғи өнімдерді аз тұтынғандықтан, артық салмақ жинайтын балалардың саны күннен-күнге өсіп жатыр. 2018 жылмен салыстырғанда, 9-15 жастағы балалар арасындағы семіздік 1,9 пайыздан 15,7 пайызға дейін өсті. Бұл — дабыл қағатын мәселе, — дейді нутрициолог Гүлбала Таймаханова Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Соңғы мәлімет бойынша, елімізде 15 жастан асқан қыз балалардың 29,7 пайызы, ұл балалардың 33,9 пайызы артық салмақ қосқан. Ал 25,8 пайыз әйел мен 15,3 пайыз ер адам семіздікке шалдыққан.

— Технологияның дамуына байланысты балалардың көпшілігі далада ойнамайды, қимыл-қозғалысы аз. Сонымен қатар, тамақтану кезінде гаджет қолдану жиілеген. Мұндайда бала не жеп жатқанын байқамайды да, мөлшерінен артық тамақтанып қояды, — дейді студия қонағы.

Маман артық салмақ жинаудағы тағы бір маңызды фактор — ұйқы режимінің бұзылуы екенін айтады.

— Түнгі 10 мен 2 аралығында ағзада мелатонин гормоны бөлінеді. Ол жақсы бөлінсе, тамақ жақсы қорытылады, жасушалар жаңарады. Егер бұл уақытта ұйықтамаса, ағза толыққанды қалпына келмейді. Үшінші себеп — суды аз ішу. Балалар көбіне тәтті немесе газдалған сусындарды тұтынады. Бұл сусындардың құрамындағы қант мөлшері өте жоғары: күніне адамға 5 грамм қант жеткілікті болса, бір стақан тәтті сусында 25 грамнан астам қант болуы мүмкін. Мұндай сусын энергияны қысқа уақытқа ғана береді, кейін қайтадан ішкің келіп тұрады. Бұл тәуелділікке әкеледі, — дейді ол.

Нутрициолог тамақты дұрыс тұтынудың тәсілдеріне де тоқталды.

— Дұрыс тамақтану үшін күнделікті асты 5-ке бөліп, пайдалы майлар, ақуыздар мен күрделі көмірсуларды пайдалану қажет. Ұйықтардан 2 сағат бұрын тамақтануды аяқтау керек. Көпшіліктің таңғы асқа тәбеті тартпайды, себебі асқазан түнде де жұмыс істейді. Егер қазірден бастап дұрыс тамақтануды қолға алса, адам 1-2 жыл ішінде қалаған салмағына жете алады, — дейді Гүлбала Таймаханова.

Студия қонағы артық салмақ байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажеттігін ескертеді.

— Қажетті талдауларды тапсырып, дәрігер ұсынған ем мен дәрумендерді ғана қолданған жөн. Әр 6 ай сайын профилактикалық тексеруден өтіп тұрған абзал. Себебі кейбір аурулар, мысалы бауырдың майлануы, қант диабеті немесе қатерлі ісік бастапқы кезеңде еш белгі бермеуі мүмкін, — дейді нутрициолог.

Ал эндокринолог балалардағы артық салмақ мәселесі құрсақта жатқанда-ақ пайда болуы мүмкін екенін жеткізді.

— 14-15 жасқа дейінгі артық салмағы бар балалар жиі келеді. Сол кезде ата-аналарға: «Жүктілікке қалай дайындалдыңыздар? Жүктілік кезінде қалай тамақтандыңыздар?» — деп сұраймын. Себебі бала бір күнде ғана артық салмақ жинамайды. Жүктілік кезінде ананың тұтынған тағамы тікелей іштегі балаға әсер етеді. Егер анада тұқым қуалайтын аурулар болса, дұрыс тамақтанбаса, фастфуд пен қарапайым көмірсуларды көп тұтынып, 20-30 кг салмақ қосса, бұл баланың гормондық дамуына әсер етеді. 4 келіден артық болып туылған баланы «батыр» деп мақтағанмен, бұл — болашақта артық салмақ пен қант диабетінің қауіп факторы, — дейді Әсел Асайынова.

Дәрігер бір бала артық салмақтан зардап шегіп жүрсе, бүкіл отбасының тамақтану мәдениеті өзгеруі тиіс екенін айтады.

— Өзің торт жеп отырып, балаға «жеме» деу — нәтижесіз. Сонымен қатар, отбасындағы психологиялық ахуал да маңызды. Үйде ұрыс-керіс көп болса, бала стресс алады, ал стресс гормондық өзгерістерге әкеледі. Мұндайда бала күйзелістен арылу үшін тамаққа жүгінеді. Әрі баланың ұйқысы мен қозғалыс белсенділігі қадағалануы керек. Бұрын ұстаздарымыз: «Бала жылына 4-5 аяқ киім тоздырмаса, ол белсенді емес» — дейтін. Бала ойнап, қимылдап өсуі тиіс, — дейді маман.

Соңғы кездері балалардың арасындағы семіздік мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Балалар тұтынып жүрген тамақтар қаншалықты пайдалы? Баланың дені сау болу үшін не жеу керек? Kazinform тілшісі мамандардан жауап алып көрді.

Соңғы жаңалықтар