Семіздіктің нақты себебі анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық Атом энергиясы агенттігінің тамақтану саласындағы жаңа зерттеуі семіздіктің негізгі себебі дене белсенділігінің төмендеуі емес, калория тұтынудың артуы екенін көрсетеді, деп хабарлады БҰҰ жаңалықтары.

Семіздіктің нақты себебі анықталды
Фото: БҰҰ Жаңалықтары

Зерттеу нәтижелері Proceedings of the National Academy of Sciences журналында мақала түрінде жарияланып, экономикалық даму кезінде семіздіктің артуына дене белсенділігінің төмендеуі ықпал етеді деген түсінікке күмән келтіреді.

— Экономикалық тұрғыдан дамыған елдердегі семіздік дағдарысының түпкі себептерін түсінуге ондаған жыл бойы жасалған талпыныстарға қарамастан, тамақтану мен физикалық белсенділіктің бұл құбылысқа қатысы айқын болмаған еді. МАГАТЭ деректер қоры тек жаңа идеяларды тексеруге ғана емес, сондай-ақ бұл өзекті қоғамдық денсаулық мәселесі төңірегіндегі белгісіздікті жоюға мүмкіндік берді, — деді Дьюк университетінің эволюциялық антропология және жаһандық денсаулық профессоры әрі мақала авторларының бірі Герман Понцер. .

Жаһандық мәселе

2022 жылы Жер бетіндегі әрбір сегізінші адам семіздікке шалдыққан. Соңғы отыз жылда бұл көрсеткіш ересектер арасында екі еседен асса, ал жасөспірімдер арасында төрт есеге өсті.

Ағзада артық майдың жиналуымен сипатталатын бұл күрделі созылмалы жағдай қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары және қатерлі ісік сияқты инфекциялық емес аурулардың даму қаупін арттырады. Ал семіздік дәстүрлі және ауыл шаруашылығы басым қауымда сирек кездеседі. Мұны бұрын олардың жоғары физикалық белсенділігімен түсіндіретін.

Семіздіктің негізінде тұтынған калория мен ағзаның жұмсаған энергиясы арасындағы теңгерімсіздік жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандары әдетте екі себепті атайды артық тамақтану және жеткіліксіз белсенділік. Алайда әр фактордың нақты рөлі әлі де талқыланып жатыр, өйткені белсенділіктің төмен деңгейі тәуліктік энергия шығынының азаюын әрдайым білдірмейді.

Калория тұтыну, энергия шығыны және дене құрамына қатысты жан-жақты әрі сенімді деректердің болмауы бұл мәселені зерттеуді одан сайын қиындатты. Бұған дейінгі зерттеулер негізінен индустрияланбаған қауымдарға бағытталып, май тіндерінің өлшемін қамтымаған және елдік деңгейдегі орташа мәліметтер мен сауалнамаларға сүйенген.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін 68 зерттеуші тұрақты изотоптар әдісі арқылы жиналған энергия шығыны өлшемдерінің жаһандық банкі — МАГАТЭ-нің қос таңбаланған су деректер қорына жүгінді. 45 елді қамтитын бұл база бұған дейін де ағзадағы энергия алмасуды зерттеу және адамның энергия қажеттілігін қайта қарауда пайдаланылған.

Семіздікке ықпал ететін факторларды зерттеу

Ғалымдар алты құрлықтағы 18 бен 60 жас аралығындағы 4213 ересектің физикалық жағдайын талдап, экономикалық жағдайы мен өмір салты әртүрлі 34 қауымды қамтыды. Зерттеушілер индустриясы дамыған елдер халқының энергия шығынының (белсенділікпен байланысты да, жалпы да) жоғары екенін анықтады. Семіздікке ықпал ететін негізгі фактор — калория тұтыну болып шықты. Бұл көрсеткіш жалпы энергия шығыны мен салмақ өзгерістерін өлшеу негізінде бағаланды.

— Қоғамдық денсаулық сақтау және тамақтану саласының мамандары үшін бұл тұжырымдар тамақтану рационының маңыздылығын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді. Тамақ сапасын жақсартуға және жоғары калориялы, ультраөңделген өнімдерді тұтынуды азайтуға бағытталған саясат семіздікпен күресте дене белсенділігін насихаттаудан әлдеқайда тиімді болуы мүмкін. Кең ауқымда алғанда, бұл нәтижелер МАГАТЭ-нің адам денсаулығы жөніндегі дерек қорлары арқасында мүмкін болған айтарлықтай ғылыми серпілісті білдіреді, — деді МАГАТЭ Денсаулық сақтау департаментінің тамақтану және денсаулық жөніндегі зерттеулер бөлімінің жетекшісі әрі мақала авторларының бірі Корнелия Лехль. 

Айта кетелік елімізде 16 мыңнан астам адам артық салмақтан зардап шегеді.

Соңғы жаңалықтар