Сенат 2 халықаралық келісімді ратификацияламақ
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар екі халықаралық келісімді ратификациялауды жоспарлап отыр.
Сонымен, палата отырысында сенаторлар алдымен Мәжіліс осы жылдың 11 наурызында қабылдаған «Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы арасындағы жасыл энергияны өндіру және беру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қарайды. Келісім экологиялық таза сутегі мен аммиакты бірлесіп өндіруді және сатуды, сондай-ақ елдер арасында жаңартылатын энергияны үздіксіз беру үшін бірыңғай техникалық және әкімшілік ережелерді әзірлеуді көздейді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің атап өтуінше, келісім үш ел арасындағы жаңартылатын энергия көздерінің қазіргі әлеуетін тиімді пайдалануға және жасыл аммиак пен сутекті қамтитын экологиялық таза электр энергиясы саудасын дамытуға, сондай-ақ еуропалық нарықтарға экспортты кеңейтуге бағытталған.
- Жоба бойынша Қазақстан мен Өзбекстаннан Әзербайжанға Каспий теңізінің түбіне суасты кабелін салу арқылы энергияның жасыл түрлерін беру жоспарланып отыр. Ол сондай-ақ осы энергияны ұқсас Қара теңіз жобасы арқылы Еуропа елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі мақсаты — Каспий теңізінің түбіне тұрақты ток кабелін төсеу. Бұл — Еуропалық одақтың электр нарығына тікелей шығуға мүмкіндік беретін техникалық жағынан күрделі, бірақ стратегиялық тұрғыдан қажет шешім, -деді ол.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы болмақ. Келісім радиациялық жағдай мониторингінің деректерімен алмасу, талдау және болжау арқылы өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға және ядролық әрі радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл Заңды да Мәжіліс 11 наурызда екінші оқылымда қабылдаған еді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, ұсынылған келісім жобасына сәйкес, одақтас мемлекеттерге еліміздің мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінен алынатын деректер ғана беріледі. Бұған қоса Келісімді іске асыру барысында нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы қажет етілмейді.
- Аталған құжатты ратификациялау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өміріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қаупіне шұғыл ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді, - деген еді министр.

Естеріңізге сала кетсек, Сенаттың өткен аптадағы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» Заң, сондай-ақ, оған ілеспе «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Перу Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» Заңдар қаралып, мақұлданды.
Бірінші шартқа 2024 жылғы қазан айында Астана қаласында қол қойылды. Заңның мақсаты - уағдаласушы мемлекеттердің қылмыстардың алдын алуды, тергеп-тексеруді, қылмыстық қудалауды және сот төрелігін жүзеге асыруды қамтамасыз етуде ынтымақтастық пен құқықтық көмек көрсету.
Шартта екі елдің құзыретті органдарының өзара іс-қимыл мәселелері реттеледі. Атап айтқанда:
– құқықтық көмек көрсетудің қолданылу аясы;
– сұрау салудың нысаны мен мазмұны, оны орындау тәртібі;
– азаматтардың құқықтарының сақталуына кепілдіктер;
– қамаққа алынған және сотталған адамдарды уақытша беру;
– тәркілеу рәсімдеріне көмек көрсету;
– қаржылық ақпараттарды, банк шоттарын анықтау және тоқтатып қою;
– шығындарды өтеу мен келіспеушіліктерді реттеу жолдары және өзге де ұйымдастырушылық мәселелер бойынша ережелер нақтыланған.

Екінші шарттың негізгі мақсаты - бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды олардың әлеуметтік реинтеграциясына жәрдемдесу мақсатында өздерінің азаматтығы бойынша тиесілі мемлекетте жазасын одан әрі өтеу үшін беруге құқықтық негіз құру.
- Шартқа сәйкес тараптар белгіленген жазаны екінші тараптың аумағында өтеу үшін сотталған адамдарды беру саласында ынтымақтастықты жүзеге асыруға міндеттенеді. Сондай-ақ, сотталғандарды беру үшін талаптар, беруден бас тарту негіздері айқындалған, - деді сенатор Жанна Асанова.
Ратификацияланған үшінші шарт іздестіріліп жүрген адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау үшін оларды ұстап беру мәселелерін реттейді. Шартты іске асыру ұстап беру туралы жазбаша сұрау салу негізінде жүзеге асырылады. Осы құжат аясында өзара іс-қимыл жасайтын орталық органдар ретінде Қазақстан Республикасы үшін – Бас прокуратура, Перу Республикасы үшін – Мемлекеттік Прокурордың офисі белгіленеді.

Отырыс күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан кейін сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, Марат Қожаев елде жол жүрісі қағидаларын жүйелі түрде бұзу тұрақты сипатқа ие болғанына және бұл мемлекет тарапынан үстірт емес, кешенді әрі принципті шешімдерді талап ететініне назар аудартты.
- Жауапкершілік шаралары мен заңға бағыну мінез-құлқын ынталандыру арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету аса маңызды деп санаймыз. Тәртіп бұзбайтын жүргізушілерді ынталандыру жүйесін әзірлеу маңызды, яғни оларға қатысты міндетті сақтандыру құнын төмендету, сервистік өнімдерді пайдалану кезінде жеңілдіктер беру және басқа да ынталандыру тетіктерін қарастыру керек. Атап айтқанда, жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын адамдарға қатысты көлік құралдарын басқаруға жаңа әрі қатерге бағдарланған тәсілді енгізуді жеке қарастыруды ұсынамыз», - деп атап өтті сенатор.
Ал Амангелді Нұғманов өзінің депутаттық сауалында жасқа байланысты зейнетақы тағайындау үлгісінен еңбек өтіліне негізделген жүйеге кезең-кезеңімен көшуді ұсынды.
- Бұл реформаны іске асырудағы күтілетін нәтиже – жұмыссыздық деңгейін төмендету, масылдық көзқарасты қысқарту мен енжарлықты ынталандырмау және мерзімінен бұрын экономикалық белсенділіктен негізсіз шығуды болдырмау мен азаматтардың еңбекке жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, сондай-ақ мемлекеттік бюджет пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ауыртпалықты азайту есебінен зейнетақы жүйесінде ауқымды қаржы теңгерімділігін қамтамасыз ету болады, - деді Амангелді Нұғманов.