Сенат 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға түзету енгізді

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Президент тапсырмаларын орындауға 1,8 трлн теңге, әлеуметтік шығыстар мен теңге бағамына – 173 млрд теңге, бағдарламалық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерге – 476 млрд теңге қарастырылғанын айтқан еді.
«Биылға арналған республикалық бюджет параметрлері келесідей қалыптасты. Бюджет түсімдері 2,7 трлн теңгеге ұлғайып, 15,8 трлн теңгені құрайды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,3% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджет шығыстары 18,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Шығыстардың қосымша ұлғаюы 2,7 трлн теңге болады және бірнеше басым бағыттарға көзделген», - деді Қаржы министрі Сенат отырысында.
Сондай-ақ, бюджеттің жалпы шығыстарының 46%-ы әлеуметтік салаға бағытталып отыр.
«Әлеуметтік блок шығыстары 581 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,6 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 46%-ы деңгейінде жоспарлануда. Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, медициналық көмек көрсетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастарды қолдауға бағытталатын болады», - деді Е. Жамаубаев.
Министрдің айтуынша, күш құрылымы шығыстары 446 млрд теңгеге өсіп, 2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған.
«Жалпы көзделген шығыстардың 30%-ке жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетін болады. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-і бағытталатын болады», - деді Е. Жамаубаев.