Сенат Армениямен көші-қон саласындағы ынтымақтастықты нығайтатын заңды қарайды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар Қазақстан мен Армения арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастықты нығайтатын заңды талқыға салады.

Отырыстың күн тәртібіне мынадай екі мәселе енгізілген:
1. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
2. «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы.
Айта кетерлігі, бұл екі заңды осы жылдың қыркүйек айының басында Мәжіліс қабылдаған болатын. Сол кезде Ішкі істер министрі Ержан Саденов келісімге 2024 жылғы сәуірде Мемлекет басшысының Арменияға ресми сапары барысында қол қойылғанын айтты.
— Құжатта тараптар мемлекеттерінің келетін азаматтары, олардың құқықтық мәртебесі, азаматтыққа қабылданған адамдар, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатындар туралы статистикамен әрі мәліметтермен алмасу, сондай-ақ заңсыз көші-қон әрекеттеріне қарсы күрес әдістері және көші-қон заңнамасының ерекшеліктері туралы ақпаратпен алмасу ескерілген. Бұл мәліметтер елдерге қос азаматтыққа қарсы күрес пен заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу үшін қажет, — деді ол.
Аталған құжат аясында құзыретті органдар ретінде Қазақстан жағынан Ішкі істер және Еңбек министрліктері, ал Армения тарапынан Ішкі істер министрлігі белгіленген. Осыған ұқсас келісім 6 елмен жасалған. Армения осы келісімді биылғы сәуірде ратификациялады.
Ал екінші қаралатын заң аясында мемлекет азаматтарының елде 30 күн болғаннан кейін полицияда тіркелуі міндеті болады.
— Қазір олар полицияға бармай 90 күн бола алады. Бұл норманы енгізу көші-қон бақылауының тиімділігін арттырады. Жыл басынан бері Қазақстанға 12 мыңға жуық Армения азаматы келді. Сондай-ақ келісімде ұлттық заңнамаға сәйкес 90 күннен астам елді болу мүмкіндігі көзделген. Уақытша тұруға рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, екі жақ үшін визалық режим жойылады. Бұл азаматтардың елге келу кезінде шығындарын азайтады, — деген еді Ержан Сәденов.
Елге кіру үшін қажетті құралдар тізбесіне мыналар енгізіледі:
— Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы;
— Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік.
— Осындай тәжірибе бар. Қазақстан азаматтары жеке куәлікпен Ресей мен Қырғызстанға еркін кіре алады. Бұл шара келу және болу тәртібін жеңілдетеді. Содай-ақ паспорт рәсімдеу шығынын азайтады, — деді Ержан Сәденов.
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенаттың жалпы отырысында «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң мақұлданды.
Сенатор Бекбол Орынбасаровтың мәліметінше, аталған хаттамаға 2023 жылғы 25 желтоқсанда Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одақтың мүше мемлекеттер басшылары қол қойды.
— Оның мақсаты — соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп отырған сыртқы электрондық сауданы құқықтық реттеу. Мәселен, 2024 жылы Қазақстан Республикасындағы электрондық сауда көлемі 3,2 трлн теңге. Сонымен қатар, хаттаманы Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекеттері — Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения ратификациялады. Хаттамада қамтылған негізгі өзгерістерге тоқталсақ, электронды сауда тауарлары, яғни шетелдік интернет-платформалардан жеке тұлғалардың атына халықаралық пошталық жөнелтілімдер арқылы жіберілетін тауарларды бөлек санатқа шығару ескерілген, — деді ол.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланып болғаннан кейін сенаторлар депуаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Сүйіндік Алдашев Үкіметке Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу ұсынысын айтты.
Оның пайымынша, Маңғыстау облысын арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында шағын, қуаты жылына 5 млн тоннаға дейінгі мұнай өңдеу зауытының құрылысы стратегиялық маңызды қадам болмақ.
— Шағын МӨЗ өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттырып, импорттық мұнай өнімдеріне тәуелділігін азайтып, жанармайдың логистикалық шығындарын қысқартады. Сондықтан Маңғыстау облысында шағын мұнай өңдеу зауытын салу жобасына қолдау көрсетуді өңірдің кешенді дамуы мен логистикалық инфрақұрылымын жаңартудың маңызды әрекеті ретінде қарастыруды сұраймыз, — деді депутат.
Бибігүл Жексенбай адамдар көп жиналатын жерлерде, әсіресе, ойын-сауық мекемелерінің аумағында қоғамдық қауіпсіздіктің сақтала бермейтінін айтып, сауал жолдады.
— Заңнамалық нормативтік толықтырулар арқылы түнгі клубтар мен барларды лицензиялау талаптарын қайта қарау, міндетті қауіпсіздік стандарттарын енгізу, мекеме иелерінің келушілердің өмірі мен денсаулығына жеке жауапкершілігін бекіту, жұмыс уақыты мен алкоголь сатуды бақылауға алу керек. Түнгі клубтар мен барлардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін құрылып, тексерулер мен анықталған заң бұзу деректері туралы ақпарат ашық болуы тиіс. Аталған нысандардың қызметін әкімдік, ІІМ, ТЖМ және салық органдары тарапынан ведомствоаралық бақылауды күшейтіп, мониторингтің цифрлық технологияларын енгізу керек, — деді депутат.
Ал Қайрат Тастекеев еліміздегі жабайы жыртқыш жануарлардың санын бақылау мен реттеуді күшейту қажет екенін айтып, нақты шаралар ұсынды. Депутаттың айтуынша, ауыл шаруашылығына зиян келтіретін және елді мекендерге жиі кіретін аю, қасқыр, жабайы қабан, шибөрі сияқты аңдар популяциясының көбеюі халықты алаңдатып отыр.