Сенат «Астана» қаржы орталығына қатысты құжатты Мәжіліске қайтарды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мәліметіне қарағанда, заң жобасының мақсаты - соттардың қызметін әрі сот саласындағы әкімшілендіруді жетілдіру, Мемлекеттік Елтаңбаны пайдалану тәртібін толықтыру, сондай-ақ қаржы саласындағы инновацияларды дамыту үшін елдің негізгі платформасы ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жылдам дамуын қамтамасыз ету және оның юрисдикциясын инвестициялар тарту үшін пайдалану.

Құжат аясында аудандық және оларға теңестірілген соттардың құрылуын жетілдіру, әртүрлі деңгейдегі соттар мен судьялардың өкілеттіктерін толықтыру, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мөрлерінде Мемлекеттік Елтаңбаны пайдалану, Қазақстанда технологиялық компанияларды дамыту және тарту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында цифрлық активтер айналымын құқықтық реттеудің толыққанды жүйесін құру ескерілген.

Жалпы отырыс барысында сенаторлар бұл құжатқа сот жүйесінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне байланысты өзгертулер енгізуді ұсынды.

Заң жобасын талқылау барысында заң жобасына АХҚО органдарының өкілеттіктеріне, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жекелеген нормаларын қолданысқа енгізу мерзімдеріне, сондай-ақ қолданысқа енгізу мерзімдерін цифрлық активтер саласындағы заң жобаларының нормаларымен үндестіруге қатысы бар кейбір ережелерге қатысты өзгерістер мен толықтыру енгізу қажет екені айтылды.

Нәтижесінде Сенаттың түзетулері енгізіліп, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар