Сенат Астана мен республикалық маңыздағы қалаларды дамыту туралы заңды мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – Сенат Астана мен республикалық маңыздағы қалаларды дамыту туралы заңды екі оқылымда мақұлдады.

Түркі инвестициясы
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Құжатты таныстырған сенатор Әлібек Нәутиев бұл заң 11 кодекс пен 47 заңға түзетулер енгізетінін айтты.

Заңда мынадай негізгі түзетулер көзделген:

- Республикалық маңызы бар қаланың, астананың дизайн-кодын және оны әкімшілендіру қағидаларын енгізу;

- ғимараттың/тұрғын үйдің меншік иесіне заңға қайшы орналастырылған жарнама объектісін бөлшектеу талаптарын қолдану;

- елді мекендердің автомобиль жолдары мен көшелерінің жүріс бөлігіне, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарының тротуарларына, қону алаңдарына, аялдама пункттеріне (көрнекі) жарнаманы орналастыруға тыйым салу;

- аудио жарнамаларды ашық кеңістікте таратуға тыйым салу.

Сондай-ақ, Астанадағы «жасыл белдеудің» құқықтық мәртебесін айқындау ұсынылып отыр.

- Мәселен, Заңда қаланың санитарлық-қорғау жасыл аймағын басқару қағидаларын және оның аумағындағы қызметтің шектеулі режимін бекіту көзделген. Ол үшін жүз пайыз мемлекет меншігінде болатын заңды тұлғаны анықтау керек болады, - деді сенатор.

Құжатта заңсыз меншіктегі жер учаскелерін қайта ресімдеу тәртібін енгізу тетіктері де қарастырылған. Мұндай жағдайда жер иесіне телімді өзі сатып алған кездегі құнын ғана өтеп, мемлекет алып қойған жерді өткізуден түскен табысты бюджетке бағыттау керек.

Сонымен бірге республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің қаланың тұрғын үй секторында шлагбаумдар мен басқа да қоршаулар орнату қағидаларын бекіту жөніндегі құзыреті кеңейтіледі.

- Заңда елорда әкімдігінің тұрғылықты жері және оның аумағында уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу нормативтерін әзірлеу жөніндегі өкілеттіктерін кеңейту жөнінде түзетулер ұсынылады. Жол жүрісін ұйымдастыруды ретке келтіру мақсатында Астана және Алматы қалаларында әкімдіктерге жол жүрісін ұйымдастыру орталығын құру және жол жүрісін ұйымдастыру мен реттеу қағидаларын бекіту жөніндегі құзыретті беру көзделеді. Ол эвакуациялау мәселелерін, арнайы тұрақтар, алаңдар (айыппұл тұрақтары) мәселелерін қамтиды, - деді Әлібек Нәутиев.

Құжатта энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жобаларына тартылған қарыздар мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау тетігі айқындалған.

- «Толық бітіріп берілетін» құрылыс жобалары бойынша қабылданатын мемлекеттік міндеттемелердің көлемі мемлекеттік міндеттемелер лимиттерімен шектелетін болады. Заңда Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобаны сатып алудың жекелеген электрондық платформасын енгізу көзделген. Оның асында жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, жобалар мен жеткізушілерді іріктеу, шарттар жасасу, қазақстандық тауар өндірушілерден тауарлар сатып алу және офтейк-келісімшарттар жасасу жүзеге асырылады, - деді депутат.

Сондай-ақ, бұл заң Үкіметтің 9 функциясын орталық мемлекеттік органдарға, орталық мемлекеттік органдардан 37 функциясын жергілікті атқарушы органдар мен мәслихаттарға, облыстық әкімдіктердің 17 функциясын аудан әкімдіктеріне береді.

Еске салсақ, өткен айда Астана мен Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері видеожетон пайдалана бастады.

 

Соңғы жаңалықтар