Сенат бүгін аумақтық қорғаныс туралы заңды қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10:00-де Сенаттың жалпы отырысы өтеді. Онда сенаторлар аумақтық қорғаныс туралы және оған ілеспе заңды талқыға салады.

Сенат аумақтық қорғаныс туралы заңды қарайды
Коллаж: Kazinform/gov.kz

Сонымен жоғары палата отырысында депутаттардың қарауына мына мәселелер енгізіледі:

  • Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жөнінде.
  • Мәжіліс қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аумақтық қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жөнінде (бірінші оқылым).

Бұл заңдар қоғамдық қатынастарды реттеуді және аумақтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілеуді көздейді.

Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған мәселелер талқыланып болғаннан кейін сенаторлар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауалдарын жолдауы мүмкін. Ал бүгін заң жобалары бойынша негізгі баяндама жасаған тұлғалар БАҚ өкілдерінің алдына шығып, тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.

Естеріңізге сала кетсек, 16 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында аумақтық қорғаныс туралы заңды таныстырған депутат Максим Рожин құжат елдің қорғаныс жүйесіне «ерікті» және «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру» ұғымдарын енгізетінін айтты

Максим Рожин
Фото: parlam.kz

- Сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтары үшін соғыс уақытында өзін-өзі қорғау құралымдарына еріктілер ретінде кіру мүмкіндігі көзделеді, - деді депутат.

Заңды қабылдаудағы мақсат — елдің қорғаныс қабілетін арттыру, халықтың, аумақтық қорғаныс объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағын жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңінде әрі соғыс уақытында қорғау.

Естеріңізге сала кетсек, 29 маусымда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заңды қарады

Заң бірінші оқылымда мақұлданды. Алайда, талқылау барысында бірқатар ескерту мен ұсыныс айтылды. Қаржы және бюджет комитеті заңның жекелеген баптарын мақұлдамауды және жаңа редакциясы мен заңды Мәжіліске қайтаруды ұсынды. Осыған орай, салыстырмалы кестеге 24 түзету енгізілді.

Календарь
Фото: senate.parlam.kz

− Ең алдымен, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен кредиттік бюролар арасында мерзімді әскери қызметке шақыру туралы ақпаратты алмасу мәселесі бар. Осы түзету аясында азаматтың мерзімді әскери қызметке шақырылғаны туралы ақпарат болған жағдайда ғана банкке, жекелеген банк операцияларын жүргізетін ұйымға және микроқаржы ұйымына мұндай азаматтарға несие беруге тыйым салынатыны нақтыланады, − деді Сенат депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сергей Карплюк.

Екіншіден, банк құпиясы мен микронесие беру құпиясы бар ақпаратқа заңсыз қол жеткізу салдарын жою бойынша шара қабылдау мерзімі нақтыланды. Бұл үшін банктерге, кейбір банк операцияларын жүргізетін ұйымдарға және микроқаржы ұйымдарына клиентке және уәкілетті органға хабарлау, заңсыз әрекеттер мен олардың салдарын жою шараларын қабылдайтын нақты мерзімді белгілеу ұсынылды.

Үшіншіден, байланыс операторларының антифрод (алаяқтықтың алдын алу) жүйелерін құруы үшін құқықтық негіздер белгіленді. Ұсынылған түзету аясында Ұлттық банктің Антифрод-орталығының деректер базасы мен ұялы байланыс операторлары базаларының интеграциясы регламенттелді, алмасуға жататын мәліметтер тізбесі айқындалды, сондай-ақ алаяқтық белгілері бар қоңырау анықталған жағдайда байланыс операторларының әрекеттері нақтыланды.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасының резиденті болып саналмайтын қаржы ұйымының резидент емес банк холдингі мәртебесін алу шарттары нақтыланды.

Бесіншіден, венчурлік қорлардың қызметіне қатысты мемлекеттік реттеудің мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары айқындалды. «Соттан тыс банкроттық рәсімі» ұғымына өзгерістер еніп, бұл рәсім қолданылатын адамдардың тобы анықталды.

Сондай-ақ, үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлер, кепіл берушілер мен кепілзат иелері болған борышкерлердің кредиторлар алдындағы міндеттемелері тоқтатылмайтыны туралы өзгеріс енгізілді.

- Қаралған заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Құжат еліміздің қаржы секторының құқықтық реттелуін кешенді түрде жетілдіруге арналған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Бұл түзетулер банк секторындағы бәсекелестікті арттыруды және құнды қағаздар мен сақтандыру нарықтарын одан әрі дамытуды көздейді. Сондай-ақ елімізге шетелдік банктерді тарту үшін рұқсат беру талаптары оңтайландырылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да қарастырылды. Заңды қарау барысында сенаторлар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заң нормаларын жетілдіруге арналған ұсыныстарын да берді, – дейді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, осы заң арқылы мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды күшейту үшін банктер, микроқаржы және сақтандыру ұйымдары әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға қызмет көрсету стандарттарын енгізуге міндеттеледі. Бұл – инклюзивті және әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қорғау жөніндегі нормалар да айрықша мәнге ие.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қарыздар бойынша кейінге қалдыруды ұсынуға тиіс. Сондай-ақ қарыздарын мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбы жойылады. Ал, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қарыз ала алмайды. Мұндай алдын алу шарасы армиядағы жарғылық емес қатынастарды одан әрі жоюды көздейді.

Осыған байланысты отырыста сенаторлар енгізген түзетулермен заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

кредит несие
Коллаж: Canva

Палата отырысында депутаттық сауалдар да жолданды. Атап айтқанда, Ернұр Әйткенов бруцеллезбен ауырған мал етінің таралуына алаңдаушылық білдірді. Осындай қатердің алдын алу үшін сенатор вакциналар мен құлақ белгілерін орталықтандырылған сатып алуды ұйымдастыруды, сондай-ақ, бруцеллезге қарсы вакциналарды сатып алуды қаржыландыруды қамтамасыз етуді ұсынды.

Ал Мұрат Қадырбек отандық мақта өсірушілер тап болған проблемаларға назар аударды. Ол бұл салада әділ бәсекелестікті қамтамасыз ету және барлық тараптың құқықтарын қорғауды көздейтін бірқатар нақты шараны атап өтті.

Талғат Жүнісов болса оқушылардың жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге тоқталып, осыған байланысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар Амангелді Толамисов Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне тамаққа өтемақы төлеуді тоқтатуға қарсы болды. Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың қыздары үшін айтарлықтай салдарын тигізуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар