Сенат балалардың мүддесін қорғауға арналған екі құжатты мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында халықаралық хаттамаға қатысты құжаттар мақұлданды.
Оның біріншісі - «1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдарыкомитетінің мәліметіне қарағанда, заңның мақсаты - Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын (сот бұйрығы туралы ұйғарымдарды) Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында тануға және мәжбүрлеп орындауға жататын сот актілерінің тізбесіне енгізу жолымен қамтамасыз ету.
Хаттама 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияның ережелерін кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тану мен орындауды айқындайтын мәселелерді реттеу арқылы жетілдіруге бағытталған.
Атап айтқанда, Хаттамамен:
- Конвенция ережелерін сот шешімдерімен қатар сот бұйрықтарына да таратуды көздейтін түзетулер енгізіледі, бұл өз кезегінде алимент міндеттемелері бойынша шешімдердің неғұрлым тиімді орындалуын қамтамасыз ете отырып, балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге мүмкіндік береді;
- басқа Уағдаласушы тараптардың аумағында шығарылған, мәжбүрлеп орындауға жататын шешімдердің тізбесі оған сот бұйрықтары енгізіле отырып кеңейтіледі;
- шешімді мәжбүрлеп орындауға рұқсат беру туралы өтінішхат беру тәртібін белгілейтін Конвенцияның 53-бабы осы тәртіпті сот бұйрықтарына қатысты да қолдануды көздейтін ережелермен толықтырылады;
- сот бұйрығын мәжбүрлеп орындау туралы өтінішхатқа қосымшаға жататын қажетті құжаттардың тізбесі кеңейтіледі;
- аумағында осы процестік құжат шығарылған мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес борышкерге сот бұйрығы (оның көшірмесі) табыс етілмеген немесе жіберілмеген кезде сот бұйрығын шығаруға байланысты осындай негізді қоса отырып, шешімдерді мәжбүрлеп орындауға рұқсат беруден бас тарту негіздерінің тізбесі кеңейтіледі.
- 2020-2025 жылдар кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық, шетелдік соттар мен төреліктердің шешімдерін балалардың пайдасына мәжбүрлеп орындау туралы сот актілері негізінде берілген атқару парақтарының саны 106 атқарушылық іс жүргізуді құрады, берешек сомасы шамамен 47 млн теңгеше жетті. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне шетелдік соттардың шешімдерін тану және орындау туралы 12 өтініш келіп түсті (оның ішінде 11-і Өзбекстан Республикасынан және біреуі Әзербайжан Республикасынан), олар тану туралы мәселені қарау үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына жіберілді. Хаттаманы ратификациялау балалардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етіп және олардың құқықтарына кепілдік беретін мемлекет ретінде еліміздің халықаралық беделін нығайта отырып, трансшекаралық жағдайларда алимент өндіріп алудың тиімділігін арттырады, - делінген Сенат мәліметінде.
Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, отбасы қатынастары мен кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғау саласындағы трансшекаралық жағдайларды реттейтін халықаралық құқықтық стандарттардың мәні ерекше. Бүгінде балаларға алимент өндіру секілді мәселелер тек ұлттық деңгейде шешілмей, сонымен бірге мемлекеттер арасындағы өзара құқықтық үйлестіруді талап етеді. Осы тұрғыда ұсынылып отырған заңның маңызы зор. Бұл Хаттама балалардың құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауды күшейтетін, сот актілерін, оның ішінде сот бұйрықтарын тану және орындау рәсімдерін үйлестіретін маңызды құқықтық құрал болып табылады.
- Қазіргі уақытта Қазақстанда халықаралық және шетелдік сот актілеріне сүйене отырып атқарылған істер тәжірибесі бұл нормалардың өзектілігін растайды. 2020-2025 жылдар аралығында кәмелетке толмаған балалар мүддесінде жүргізілген атқару өндірістерінің саны 100-ден астамға жетіп, жалпы қарыз сомасы 47 млн теңгені құрады. Бұл көрсеткіш трансшекаралық алимент өндірудің күрделілігін және тиімді құқықтық шешімдердің маңыздылығын айқын көрсетіп отыр. Заңды қабылдау Хаттаманы ратификациялауға жол ашып, балалардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, - деді депутат.
Сонымен қатар бүгін жалпы отырыста сенаторлар «2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады.
Заңның мақсаты - кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын (сот бұйрығы туралы ұйғарымдарды) Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында тануға және мәжбүрлеп орындауға жататын сот актілерінің тізбесіне енгізу жолымен Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің аумақтарындағы кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.
Хаттама кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тану мен орындауды айқындайтын мәселелерді регламенттеу арқылы 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияның ережелерін жетілдіруге бағытталған.
Сенатор Қайрат Тастекеевтің сөзіне қарағанда, қаралып отырған құжат Конвенцияның ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізуді көздейді. Атап айтқанда:
- Конвенция аясында танылып, орындалуға жататын сот актілерінің қатарын азаматтық істер бойынша сот шешімдерімен қатар, кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарымен толықтыру ұсынылады. Бұл түзетулер алимент міндеттемелері бойынша шешімдердің неғұрлым тиімді орындалуын қамтамасыз ете отырып балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге үлкен мүмкіндік береді;
- шешімді тану және орындау туралы өтінішхат беру тәртібін белгілейтін Конвенцияның тиісті бабы сот бұйрықтарына қатысты да қолдануды көздейтін ережелермен толықтырылады;
- борышкерге сот бұйрығы табыс етілмеген немесе жіберілмеген жағдайда сот бұйрығын шығаруға қатысты негізді қоса отырып, шешімдерді танудан және орындаудан бас тарту негіздерінің тізбесі кеңейтіледі.
- Хаттаманы ратификациялау Конвенцияға қатысушы мемлекеттер арасындағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық тетігін жетілдіруге, сондай-ақ Уағдаласушы Тараптардың аумақтарында кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын тануды және мәжбүрлеп орындауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Қайрат Тастекеев.
Бұл тұрғыда сенаторлар Хаттаманы ратификациялау кезінде оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарларға алып келмейтінін, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейтінін атап өтті.
Айта кетейік, биыл наурыз айының басында Парламент Мәжілісі ТМД мемлекеттері арасында алимент өндіру тәртібін жеңілдететін осы құжаттарды қабылдағанын жазған едік.