Сенат бүгінгі жалпы отырыста қандай мәселелерді қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін сағат 10-00-де Сенаттың жалпы отырысы болады. Онда депутаттар бұған дейін Мәжіліс қабылдаған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді талқыға салады.

Сенат
Фото: Сенат

Айта кетейік, 19 мамырда Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар бүгінгі Сенат отырысының күн тәртібін бекіткен еді.

Отырыс барысында Бюро мүшелері «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды палата отырысының күн тәртібіне шығару жөнінде қаулы қабылдады.

Бұл заң екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Атап айтқанда, бір тараптың екінші тараптың аумағындағы инвестицияларын жүзеге асыру, сондай-ақ, екі мемлекеттің аумақтарындағы инвестициялық қызметке байланысты мәселелерді реттеу үшін қолайлы режим құру тәртібі мен шарттарын айқындайды. Мәжіліс осы заңды 26 наурызда қабылдаған болатын

Сол кезде заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы келісімге 2024 жылғы 19 сәуірде Астанада қол қойылды. Келісімнің мақсаты - инвестициялық қызмет үшін қолайлы жағдай жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және уағдаласушы елдердің экономикалық әл-ауқатын жақсарту.

Алибек Куантыров Әлібек Қуантыров
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

- Келісімнің жаңа нұсқасын қырғыз жағы 2021 жылы Қырғызстанның атқарушы билігі құрылымындағы өзгерістерге байланысты ұсынған болатын. 1997 жылы жасалған бұрынғы келісім шамамен 30 жылдан кейін халықаралық және ұлттық заңнамадағы өзгерістерді ескере отырып, жаңартуды қажет етті. Қазіргі заманғы болмыс мұндай құжаттарды инвесторларды қорғау және қолайлы инвестициялық климат құру талаптарына жақсырақ жауап беретіндей етіп қайта қарауды талап етеді. Инвестицияларды көтермелеу және қорғау туралы келісімдер инвестициялардың сенімділігінің маңызды көрсеткіші саналады, — деді ол.

Оның айтуынша, екіжақты инвестициялық келісім инвесторларға құқықтық кепілдіктер беріп, тиісті жағдайды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, халықаралық арбитражға қол жеткізу, шетелдік инвестицияларға әділ қарау сияқты маңызды тетіктерді бекітеді.

- Жалпы, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өсу үрдісі байқалып отыр. Қазақстан Қырғызстанның үшінші ірі сауда серіктесі саналады. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2024 жылы 1,7 млрд АҚШ доллары болды, бұл - осыған дейінгі жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға жоғары. Қазақстаннан экспорт 9,6 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл біздің экономикалық қарым-қатынасымыздың тұрақтылығын байқатып отыр.

Қазақстан Ұлттық банкінің деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 9 айында Қырғызстаннан 4,8 млн доллар тікелей инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың 9 айымен салыстырған 18 пайызға жоғары. Қазақстан инвесторларынан көрші елге тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 2024 жылдың 9 айында 48 млн доллар болды, бұл - оның алдындағы көрсеткіштен 4,8 пайызға жоғары, — деді министрдің орынбасары.

Қырғызстан
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Заң жобасы қаралып болғаннан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізіледі. Онда сенатор Геннадий Шиповских пен Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров тілшілер сауалына жауап береді.

Сенат отырысы www.senate.parlam.kz сайтында онлайн режимде, Палатаның ресми телеграм арнасында, сонымен қатар «24KZ» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Сенат отырысы барысында сенаторлар «Аквашаруашылық туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарады. Құжаттар жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту арқылы аквашаруашылықты орнықты дамытуды көздейді. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аквашаруашылық объектілерін өсіру көлемін ұлғайту мәселесіне де баса мән берілді.

Рыбы Балық
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Заңда балық өсіретін шаруаларға көмек көрсетуге қатысты норма да қарастырылған. Мемлекеттік субсидияларды беру өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыру, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту, инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін өтеу, су беру жөніндегі қызметтерге ақы төлеу, сондай-ақ, кредиттеу кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау сияқты бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Мұндай нормалар балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге шаруашылықта кездесетін өзекті мәселелерді шешуге көмектесу үшін қолға алынып отыр.

Маулен Ашимбаев
Фото: senate.parlam.kz

- Бұл заңдар аквашаруашылық саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді. Жаңадан әзірленген жеке заң аясында аквашаруашылық субъектілері мен олардың қызмет түрлері айқындалды. Сондай-ақ салаға жауапты мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреттері де нақтыланды. Аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік ынталандыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс берді. Алдағы уақытта қаралған заңдар еліміздегі аквашаруашылықтың орнықты дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Талқылау нәтижесінде сенаторлар заңдарды қолдап, оларға бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, ұсынылған өзгерістер бекітілген балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінде тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана тыйым салуды белгілеуге және аквашаруашылық субъектілері жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізіліміне енгізілетін негіздерді нақтылауға қатысты ұсыныстар айтылды.

Сонымен қатар депутаттар табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін ақы төлеуге байланысты нормаларды Салық кодексіне сәйкес келтіру қажет екенін айтты. Осыған байланысты заңдарды сенаторлар енгізген түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

Соңғы жаңалықтар